«Зекет» сөзі – «тазалау, арту, көбею» деген мағынаныларды білдірсе, діни термин ретінде – адамдардың өз мүліктерінің белгілі мөлшерін берілуі тиіс жерлерге бөліп беруін білдіреді. Зекет – исламның басты бес парызының бірі. Абдулла ибн Омар (оған Алла разы болсын) тарапынан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ислам бес нәрседен тұрады. (Олар:) Иман келтіріп, кәлима айту, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау», - деп айтқан.
Демек, зекет тек материалдық көмек беру ғана емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат. Оның ерекшелігі сол – намаз, ораза сияқты ғибадаттар адамның тәнімен жасалса, ал зекет кісінің дүние-мүлкімен орындалады.
Зекеттің мұсылман қауымға парыз болуы Мәдина дәуірінде, һижраның екінші жылына сәйкес келеді. Құранда зекет парыз ғибадаты ретінде отыз жерде айтылса, оның жиырма жетісінде намазбен қатар айтылады. Мұның өзі бір жағынан зекеттің намазбен тығыз қатынасын білдірсе, екінші жағынан оның намаздан кейінгі үлкен парыз екендігін көрсетеді. Атап айсақ, «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «олар намаз оқиды, зекет береді» деген сияқты мағынадағы ұқсас аяттар «Ахзаб» (33/33), «Бақара» (2/3, 43, 83, 110, 177, 277), « Ниса» (4/77), «Хаж» (22/78), «Нұр» (24/57), «Мужадала» (58/13), «Музаммил» (73/20), «Тәубе» (9/5,11,18,71,), «Бәиинә» (97/5), «Маида» (5/12,55), «Әнфал» (8/3), «Нәмл» (27/3), « Лоқман» (31/4), «Рағд» (13/22), «Фатр» (35/29) сүрелерінде кездеседі.
Зекеттің адам мен қоғамға берері не?
Қазіргі кезде шешімін таппай жатқан көптеген әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің түйіні, шынайы мұсылман қоғамында зекет және қайырымдылық институты арқылы өздігінен шешіліп отырған бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай. Өйткені, Жаратқанның (түбінде адамның өз пайдасы үшін) адамға жүктеген үлкен ғибадаты – зекеттің жеке тұлғаларға беретін сансыз сауабы, осы дүниедегі берекесі мен рухани ләззатынан, ақыретте күтетін шексіз нығметтерден бөлек, тұтастай қоғамға берер пайдалары да өте көп. Солардың кейбіреуіне тоқталайық.
1) Алла тағала Құранда өзінің әмірлері мен тыйымдарына бойсұнған құлдарын жәннатпен сүйіншілеп, мейіріміне бөлейтіндігі турасында уәде еткен. Сондай әмірлердің бірі – зекет. Сонымен қоса, зекеттің адамның күнәларының кешірілуіне себеп болатыны да Құранда айтылған: « Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал».
2) Қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелеуде де зекеттің маңызы зор. Кедейлерге мейірімділік танытып, жағдайларына қарасқандықтан, кедей де, байларға құрметпен қарап, олардың дүние-мүліктеріне сұқ көзбен қарамайды. Бүгінгі таңдағы әлемнің түкпір-түкпірінде белең алып жатқан көтерілістер мен төңкерістердің түбінде қоғамдық топтардың бір-біріне деген ашу-ызасы, реніші жатқанын ескерсек, сондай құбылыстардың алдын алуда да зекет пен басқа да қайырымдылықтардың маңызы айқындала түсетіні сөзсіз.
3) Зекет – капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зекет – Исламның көпірі», - деп, әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір стол басына жиналатындығына ишарат етуде.
4) Адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген құштарлық пен қанағатсыздық және қолындағы байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттар болуы мүмкін. Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық, тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды.
5) Зекет – қоғамдағы жарлы-жақыбайлардың тұрмысының жақсаруына ықпал етіп, мемлекеттің әл-қутының артуына септігін тигізеді.
6) Зекет бәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды, әрі байлықтың құрып кетуіне тосқауыл болып, берекесін арттырады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, аурулардыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді кері қайтарыңдар» - деген хадисі осыған дәлел.
7) Шайтан адамды «зекет берсең, аш-жалаңаш, кедей болып қаласың» - деп қорқытып, барынша азғырады. Шындығында, зекет – малымыздың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп. Құранда бұл шындық былай баяндылады: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге өз тарапынан кешірімі мен кеңшілігін уәде етеді...», « Алла өсімнің берекетін кетіріп жояды, ал садақасы берілген малды берекеттендіріп арттырады».
Зекет – «өтелгені абазал» дейтіндей емес, Құран мен сүннетте нақты бекітілген, сауабы пен жазасы бар, міндетті парыз амал. Қолдарындағы байлықтарының зекетін бермеген адамдардың ақыретте тартатын азаптарының өте ауыр екендігі туралы Әбу һурайра, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын риуаят етеді:
«Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан тістеп: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», - дейді. Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына аятты оқыды:
«Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады».
Тағы бір аятта Алла Тағала сараңдарды ақыреттің күйзелтуші азабы туралы былай деп ескертеді:
«Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарға күйзелтуші азап бар екендігін ескерт. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!», - делінеді.
« Олардың дүние-мүліктерінен зекет ал, сөйтіп оларды тазартып, кірден арылт...» деген аят арқылы Пайғамбарымызға оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекетті жинау жұмысын ұйымдастыруға байланысты нақты әмір беріліп, «Тәубе» сүресінің 60-шы аятында жинаған зекеттің кімдерге үлестірілуі қажеттігі туралы толықтай нұсқаулар айтылады. Осы тұстан бастап, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінен дінді үйренуге келгендерге намазбен бірге зекетті де әмір етіп отырған. Яғни, зекет Исламның басты парыздарының бірі, оны түбегейлі жоққа шығару күпірлікке апаруы бек мүмкін.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соншалықты ұқыптылықпен мән берген зекет ғибадатына одан кейінгі халифалары да көп көңіл бөлген. Соның арқасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір күн келеді, қолында алтыны бар кісі садақа алатын адам іздейді, бірақ ондайды таба алмайды...» деген сөзі шындыққа айналып, Омар бин Абдулазиздің халифалығы кезінде адамзат баласы әлі күнге дейін құруға тырысып келе жатқан – бақытты қоғам орнағаны тарихтан белгілі. Ол кезде халифаның Құран мен сүннетке және төрт ұлы халифаның жолына негізделе жүргізген әлеуметтік-экономикалық саясатының арқасында кедейлердің жағдайы жақсарып, зекет беретін адам табылмайтындай жағдайға жеткен. Бұл саясаттың түп төркінінде зекет институты тұр еді. Яхья ибн Абдулазиз мені зекет пен садақаларды жинап, тиісті кісілерге таратуым үшін Африкаға жібереді. Зекетті жинауын жинадық, бірақ беретін кедей адам іздеп едік, таппадық. Сұраушылар да болмады. Өйткені олардың бәрінің жағдайы түзелген еді. Ақырында ол ақшаға құлдар сатып алып, азат еттік ( Ибн Абдилхакам, Әбу Мухаммад, «Сирату Омар ибн Абдулазиз ала ма Рауаһу Имам Малик ибн Әнәм уа асһабуһу», Дамаск,1954 жыл). Иә, Омар ибн Абдулазиздің кезінде зекетке мұқтаж кедейлер қалмағаны былай тұрсын, бұрынғы кедейлердің өздері зекет беретін жағдайға жеткен еді.
Зекетті кімдер береді?
Төмендегі шарттарға сәйкес адамдар зекет беруге міндетті болып есептеледі:
1) Мұсылман болу.
2) Ақыл – есі сау болу.
3) Балиғатқа жеткен болу.
4) Азат кісі болу.
5) Діни тұрғыдан ауқатты, яғни негізгі қажеттіліктері мен борыштарынан басқа « нисаб» мөлшеріндегі дүние-мүлкі немесе ақшасының болуы.
6) Зекет берілуі керек дүние – мүлік пен ақша.
Зекет кімдерге беріледі?
Зекет мына адамдарға беріледі:
1) Пақырлар: дін белгілеген мөлшер бойынша бай болып саналмайтын, яғни насиб мөлшерінде дүние – мүлкі жоқ адамдар.
2) Міскіндер: ештеңесі жоқ адамдар.
3) Борыштылар: қарызынан тыс дүние-мүлкі насиб мөлшеріне жетпейтін адамдар.
4) Жолаушы: өз елінде дүние-мүлкі болса жолда азықсыз қалған, қолында ештеңесі жоқ адамдар. Бұл адамдарға үйлеріне жете алатындай мөлшерде зекет беруге болады.
5) Алла жолындағылар: Бұлар қасиетті соғыс, яғни Алла жолында жиһад немесе қажылық үшін жолға шығып, ақшасыз қалғандар мен бар күшін ілімге жұмсап, сол жолда жүрген адамдар.
6) Зекет жинаушыларға: Бай болып табылмайтын, зекет жинауға және мұқтаждарға үлестіруге жауапты кісілердің өздеріне де зекет беруге болады.
Зекет берген кезде мына ретті сақтау керек:
Зекетті алдымен бауырлары, бауырының балалары, немере ағасы, апасы (әпкесі), нағашы ағасы немесе апасы, содан кейін басқа туған-туысқан мен көршілер, олардан кейін көшесінде және ауылында, елінде тұратын адамдарға берген жөн. Әрі зекеттен алған ақшаларын күнә жолына жұмсап, ысырап ететін адамдарға емес, шын мәнінде қажеттері үшін жұмсайтын адамдарға берген дұрыс.
Зекет кімдерге берілмейді?
1) Әке-шеше мен ата-әжелеріне.
2) Ұлына, немерелеріне, қызына, қызының балаларына және олардан тараған шөберелеріне.
3) Бай адамдарға
4) Мұсылман еместерге
5) Ерлі-зайыптылар өзара бір-біріне зекет бере алмайды.
Алла Тағалам бес парыздың бірі – зекетімізді беруімізді нәсіп еткей! Сол арқылы қоғамдағы аз қамтылғандарға қарайласатын, қолы ашық, жомарт жандардың қатарында болуымызды нәсіп еткей! Дана халқымыз: «Қолы ашықтың жолы ашық», - демекші, қолымыз ашық болсын, сол арқылы Аллам жолымызды да ашқай!
Жақсылық Рахметов
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы
Мәдімар ауылдық мешітінің имамы