Дінсіз адам болғанмен дінсіз қоғам болмайтыны белгілі. Дінсізбін, деп жарияға жар салған пенденің де бір сенімі бар. Біздің айтпағымыз, ең әуелі жүректегі сенім дұрыс болса, ұстанған діні таза болады. Ислам – тазалық пен ізгіліктің, имандылықтың жолы. Құранда былай делінген: «Алланың құзырында қабыл болатын хақ дін – Ислам» («Әли Имран» сүресі, 19-аят).
Ислам – адамзат баласын ең әуелі жаратқан Алланы дұрыс тануға шақырады. Бұл өмірге не үшін келдік? Аз ғұмырда қандай іс жасауымыз керек? Нендей іс-әрекеттерден сақтану қажет? Адам баласы өмірден өткеннен кейін не болады? Адамның санасында осы секілді көкейде көп сауал туатыны шындық. Мұның жауабына біз иман негіздерін үйретіп, дұрыс сенім қалыптастыру арқылы жете аламыз.
Алланы таныған пенденің бойында тазалық және құлшыныс болады. Оның талабы мен тәртібін, шынайы құлшылық жасаудың формуласын шариғат ілімі үйретеді. Адам баласы қоғам болып өмір сүргендіктен, ізгі қасиеттерді қоғамның өзге мүшелерінен үйреніп, иманы арқылы бойына дарытады.
Ислам – ізгілік, адамгершілік діні. Ұлы тәлімгер Пайғамбарымыз Мұхаммет (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» – депті. Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше күнәға ұрынады. Ислам – діні нағыз халықтық дін болғандықтан, қоғамда өмір сүріп жатқан өзге отандастарына тіл тигізбей, олардың жеке құқыларын қол сұқпауы тиіс.
Діннің шын мәніндегі бағытын білген қоғам ешуақытта адаспайды. Ислам дінінің осы қазақ даласына келгеніне де он екі ғасырдан асты. Біздің елімізде бұл дінге деген құрмет қазіргі таңда артып отыр. Қазақ елінде Ислам діні қанат жайып, мешітке келушілердің саны күн санап артуда.
Дініміз Ислам бес күндік пайдакүнемдіктен құтылып, ар ілімін игеруге шақырады. Хакім Абай Құнанбайұлы өлең жолдарында:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге», - деп жастарды білім алуға шақырған.
Құранның да ең алғаш түскен аяты «Оқы» деп басталады: «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен...» («Алақ» сүресі, 1-аят). Қазақ даласының ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің: «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар, оқылық! Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық», - деген өлең жолдары жоғарыдағы Құранның аятымен қалай үйлесіп тұрғанын қараңызшы.
Ислам – Құдайға құлдыққа шақырса да, әсілінде еркіндік діні болып табылады. Өйткені ол адамға құл болудан азат болуға шақырады. Бұл дана халқымыздың «Еркіндік қайда болса, елдік сонда, бірлік қайда болса, ерлік сонда» деген аталы сөзімен ұштасып, тұғырымыз – тыныштық, тірлігіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық секілді ұлы мақсатқа жалғасып, ол мақсатта Мәңгілік елге айналуға тілектеспіз.
Бердалиев Мұхит Ермаханұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Қосақ ауылы «Қосақ» мешітінің имамы