Омар (р.а.): «Алла Елшісіне (ﷺ) көп әйел күйеуіне шағымданып келеді, сонда Ол (ﷺ): Мұхаммедтің шаңырағына көп әйел шағым айтып келуде, олардың күйеулері жақсы адамдар қатарынан емес», – деп ұрудың жөн емес екенін жеткізген. Иә, бұл – ер кісінің басшылық құқығының бір тармағы. Ер кісі әйеліне ескерту беруіне, тыйым салуына құқылы. Қазидің (сот) халыққа ескерту және тыйым салу құқығы секілді. Бұл құқықтың да шегі бар, одан асу зиянкестік жасау болып табылады. Бұл құқық дұрыс жолдан тайған әйелді түзету үшін беріледі. Сондықтан, басқа жағдайда әйелден себепсіз мін іздеп қысым көрсетуге болмайды. Және де, жоғарыдағы аятта көрсетілген тәрбие тәсілдерінен тыс әрекет етуге де тыйым етіледі.
3. Жұбайлық міндеті. Құранда: «Өйткені, әйелдерің – егіндіктерің. Егіндіктеріңе қалай қаласаңдар келіңдер...», – деп әмір етілген. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің құмарлық талаптарын толық қанағаттандыруы керек. Ер кісі әйелін қалаған сәтте, әйелі ешбір себепсіз бас тартуына болмайды. Тек, шариғи (етеккір кезінде) және денсаулық тұрғысынан кедергі болмаса. Ер кісі де әйелді төсек қатынасына қатысты қалауын қанағаттандыру керек. Өйткені, араның суып кетуі және әйелдің ажырасуды талап етуіне осы жайт себеп.
4. Күйеуінің дүние-мүлкін қорғау және сырын құпия ұстау. Күйеуінің рұқсатынсыз ешкімді үйге кіргізбеу. Бұған қатысты көптеген хадистер бар. Солардың бірі Пайғамбарымыз (ﷺ) қоштасу қажылығында айтқан сөздері: «Әйелдеріңе жақсы қарауды өздеріңе міндет деп біліңдер. Олар сендерге тәуелді. Әйелдеріңе ешбір қысым көрсетуге құқыларың жоқ. Тек қана олар анық бұзықтық көрсетсе ғана төсекте қарамаңдар және зиянсыз ұрыңдар. Ал, егер олар сендерге бойұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Сендердің әйелдеріңде хақыларың бар, әйелдеріңнің де сендерде хақысы бар. Сендердің әйелдеріңдегі хақылары: сендер жақтырмаған адамды төсекке отырғызбау және ұнатпаған адамды үйге кіргізбеу. Ал, әйелдеріңнің ақысы оларға киім-кешек пен ас-суды жақсы етіп берулерің». Сондай-ақ: «Баршаң бақташысың және баршаң өз қарамағындағыларға жауапты... әйел күйеуі шаңырағының бақташысы, ол өзінің қарамағындағыға жауапты», – деген хадис бар.