Қызғаныш

Қызғаныш

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қызғаныш – адам бойында біткен ең жақсы мінездің бірі. Қызғаныш – ер мен әйелге ортақ құп саналатын мінез. Тіпті, бұл мінез үшін адам сауапқа кенеледі. Сағид бин Зайд (р.а.): «Кімде-кім мал-дүниесін қорғап өлсе шейіт, жанын қорғап өлсе шейіт, дінін қорғап өлсе шейіт және отбасын қорғап өлсе шейіт», - деп риуаят етеді. Бірақ, кез келген мінез сияқты оның мөлшері мен шегі бар. Сол себепті орынсыз және шектен тыс қызғаныштың жаман мінезге айналары сөзсіз. Бұл жағдайда қызғаныш адамның өзіне де, отбасына да жақсылық әкелмейді. Хадисте: «Қызғаныштың Алла Тағала құп көретіні және жақтырмайтыны бар. Тәкаппарлықтың да Алла Тағала ұнататын және ұнатпайтыны бар. Алла Тағала құп көретін қызғаныш себеппен болғаны. Ал, себепсіз қызғанышты жақтырмайды. Алла Тағала ұнататын тәкәппарлық соғыс алаңында болғаны, ал байлығы және даңдайсуы себепті болғанын жақтырмайды», – деп айтылған.

Қызғаныш мағынасы Адам өзіне тиесілі затқа біреудің қол сұғуын сезген сәттегі ашуы оянып, жүрегі жылдам соға бастаған күйі. Қызғаныш көбіне-көп ерлі-зайыптылар арасында болады. Бұл сезім ер мен әйелге ортақ. Әйел затында қаттырақ болып келеді. «...Әрі олар үшін тап-таза жұбайлар бар...» (2:25) аятының тәпсірінде: «Лас пен кірден және күнә мен зиян тигізуден таза болады,-деп түсіндірген.

Қызғаныш үкімі Хадисте: «Алла Тағала қызғанады, мұсылман да қызғанады. Алла тағала мұсылман харам амал істегенде қызғанады», - деп баяндалған. Тағы бір хадисте: «Алла Тағаладан асқан қызғанушы жоқ. Қызғаныш себепті Алла Тағала пенделеріне арсыздықтың ашық және жасырын түрін харам еткен...», -дейді. Орынды қызғану – ер адамның азаматтығының белгісі. Өйткені, бұл Алла Тағала әмірін ұлық санаудан туған. Сонымен бірге, ар-намысты және өз отбасын қорғауға негізделген. Бұл мінез иманды күшейтіп, оның жүрекке бек орнығуына жәрдемдеседі. Ал, қызғану сезімі жоғалған қоғамда арсыздық пен отбасы қадір-қасиеті қоса жойылады. Сондықтан, ер кісі әйелі дін тұрғысынан тыйым амалды жасап қойса, қызғануы дұрыс. Ал, керісінде мұндай жағдайда немқұрайлы болса, күнә болады. Тіпті, Жәннатқа кіруіне кедергі болады. Аммар бин Ясирден (р.а.) Пайғамбарымыз (ﷺ): «Үш кісі ешуақытта Жәннатқа кірмейді. Олар: Дәйіс (әйелін қызғанбайтын еркек), еркекшора әйел және араққа салынған маскүнем, – деді. Адамдар: Уа, Алла Елшісі, маскүнем кім екенін білеміз, дәйіс деген кім? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): Отбасына кімнің кіргеніне мән бермейтін адам, - деп жауап берді». Демек, әйелі қысқа киіп, орамалсыз жүруіне және сол күйі көшеге шығуына бейжай қарап, сырт көздерден қызғанбаған адам күнәһар болады.  

Шектен тыс қызғаныш.Адам бойында бұл қасиет шегінен асып кетсе, қасіретке айналады. Оның зардабын кісінің өзі де, айналасы да тартады. Кейбір ерлі-зайыптылар қызғану сырқатына ұшыраса, отбасылық өмірлерін төзімсіз етуі де ықтимал. Пайғамбарымыз (ﷺ) үйіне түнделетіп келіп, отбасы тыныштығын бұзып, мін іздеуден тыйған. Кісі ешбір себепсіз әйелі жайлы жаман ойға баруына болмайды. Әйелінің әрбір басқан қадамын аңдуы да дұрыс емес. Бұл ерлі-зайыпты қарым-қатынасты суытады. Әли бин Толиб (р.а.): «Жұбайыңды көп қызғанып, өз мақсатың үшін ол жайлы жаман ойда болма», – деген.

Тәмсіл Ибн Касир мынадай дерек жазады: «286 һижра жылы оқиғасы. Рай қаласының қазиына (қазіргі Иран мемлекетіне қарасты) отбасында кикілжің болып, өзінің 500 динар мәһрін талап етуші әйелден шағым түседі. Күйеуі бұл менің әйелім емес дейді. Әйел сөзінің растығына айғақ ретінде некеге куә болған кісілерді шақыртады. Куәлар: «Сол әйел екенін білу үшін бетін ашсын», – дейді. Әйелдің бетін ашпақ болған кезде күйеуі: «Олай етпеңдер, ол рас айтады, арызы орынды», – деп мойындайды. Сонда, оның жүзін күйеуі бөтен ер кісіге көрсеткісі келмейтінін байқаған әйел: «Мен дүние және ақыретте мәһр ақысын кештім», – дейді. Дауда төрелік етіп отырған қази: «Бұл екеуінің бірін-бірі қызғануы неткен тамаша, бұл көркем мінез боп жазылады», - деген екен».

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: