Шәууәл айының алты күн оразасын осы айдың екінші күнінен бастап ұстай беруіңізге болады. Неге екінші күннен деп сұрайтындарға – Шәууәл айының бірінші күні – Ораза айт, ал Ораза айтта ауыз бекітуге болмайды, сол себепті екінші күннен бастап қосымша оразаны ұстаған абзал. Шәууәл айы аяқталмағанша, кез-келген уақытта алты күн оразаны ұстай аласыз, алайда қосымша ораза ұстауға асығуыңыз өзіңіз үшін жақсы, өйткені Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «...Ендеше жақсылыққа жарысыңдар...» (5:48).
«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар» (3:133). «(Мұса Ғ.С): “Олар артымда, Раббым, разы болуың үшін Саған асықтым” деді» (20:84). Ораза айттан кейін бірден қосымша оразаны бастап кету міндетті емес, өзіңіз қалаған уақытта Шәууәл айы бітпей тұрып ұстасаңыз болады. Алты күнді қатарынан немесе бөліп-бөліп ұстай беруіңізге болады – бұл жерде әр адам өз жағдайына, шама-шарқына қарай ұстай береді.