Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Қадірлі жамағат!
Баршамызды ораза айтына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – Ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын!
Қасиетті Рамазанның аяқталғанын білдіретін мейрамда, жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайтын сәулелі сәтте сіздерге, отбасыларыңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жар болсын!
Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей! Әмин!
«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу», «қарымта» деген мағынаны білдіреді.
Жаратушы Жаббар Иеміз: «...Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» – деп сүйінші хабар жеткізген.
Жаратушы Иеміз барша қауымның қуанышын арттырғай!
Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні сыйлық беріп, қуанышқа бөлеу – сауапты іс. Көмекке мұқтаж адамға қайырымдылық жасау да сауабы мол амалдың бірі. Елімізде болып жатқан су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға Алла жәрдемін берсін!
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы амалымызды, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей!
Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы