Рамазан ысырап айы емес

Рамазан ысырап айы емес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Рамазан айында ең көп орын алатын қателіктердің бірі, ол адамдар тарапынан жасалатын ысырапшылдық. Өкінішке орай, кейбір адамдар үшін Рамазан айы тек тамақтану жайында ой өрбіту мен тек соны ғана ойлау айы болып қалуда. Олар күндерді Құран тіләуат қылу, кітаптар оқу және басқа да көптеген ғибадатпен өткізудің орнына меню жасау, тамақ дайындау, дүкендер аралау жайында кеңірек ойлап, уақытты көбінесе сол нәрселер үшін жұмсап жатқандықтары көп байқалуда. Жалпы, ой-пікірлерінің баршасы тағамда болуда. Нәтижесінде Рамазан айы тамақтану айына айналғандай сыңай танытуда. Қасиетті Құранда: "Жеңдер, ішіңдер және ысырап етпеңіздер. Өйткені, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмес" дейді. (Ағраф, 31).

Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар сәрілік уақытында шамадан тыс көбірек тамақтануды да әдетке айналдырып алған, құдды бір сол тәсілмен күндізгі аштықтан аман қалатындай сезінеді. Кешкілік жағдайда да сол, тауауих намазы алдын күні бойы жемеген астың қарымтасын қайтарып жатқандығы көзге ілінеді. Мән беруіміз керек, мұндай ораза түрі шариғат заңына еш сәйкес келмейді. Әрбір істе орташалықты ұстанғанымыз жөн. Миқдам ибн Мағди р.ғ. риуаятында, Пайғамбарымыз с.ғ.с.:"Адам баласы толтыратын ыдыстардың ең жаманы, ол - қарын. Адам өмір сүру үшін (тұрып-жүре алатындай дәрежеде) ғана тамақтануы жеткілікті. Егер реті келсе, асқазанды үш бөлікке (тағамға, суға және ауаға) бөлгендеріңіз абзал" деген.

           Діннің көздегені, артық тамақтану пендені парыз және нәпіл ғибадаттардан тосады, екеуінің (парыз,сүннет) арасының еш парқы жоқ етіп қояды. Егер сәресі мен ауызашардағы тамақтану жүйесін дұрыс жолға қойсаңыз, оразаңыз қабыл, әрі денсаулығыңызға да сол кезде сіңімді де пайдалы болады. Көп тамақтану ұйқыға жол ашады. Жалқаулыққа да бастайды. Тіпті тарауих намазына да селқостық танытуыңызға әкеліп соғады деген дін ғалымдары. Мысалыға айтар болсақ, Имам Журжәни: "Ысырапшылдық жайында бұл дегеніміз - шекарадан шығу" деп қорытындылаған екен.

           Ұзын сөздің қысқасы, Ислам ғұламаларының бірінің: "Көп мөлшерде тамақтанбаңыздар (қатты тойып) жемеңіздер! Асқазандарыңызды жануарлардың қабірлеріне айналдырмаңыздар" деген сөзін келтіріп өткенді жөн санадым.

 

Жалпы мақаламыз Рамазан айында жасалатын ауызашар рәсімдерінде ысырапшылықтан аулақ болу мақсатына арналып жатыр. Бұл дініміздің басты қағидасына жатады. Ысырапшылдық не себепті тиым салынған десеңіз, шариғат әр нәрсенің ертеңімен ойластырып, мұның арты тіпті, рияға, жарысушылдыққа және мақтанушылыққа да әкеп соғатынын ескертіп өткен. Бейжәй қарасақ ұсақ-түйек күнәларға да ие болуларымыз бек мүмкін. Сол үшін де Пайғамбырымыз с.ғ.с.: "Үнемді болу - жарты ризық" деген.

             Құранда: "(Сараңдық қылып) Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да (Ысырап арқылы) бүтіндей ашпа. Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың.",- деп баяндалған. (Исра сүресі, 29) Бірде Сағд ибн Аббас р.ғ. дәрет суын шамадан тыс көбірек қолданып жатқанын көрген Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Әй, Сағд, бұл не сұмдық, неткен ысырапшылдық! Тіпті ағын судың жанында отырған болсаң да қажетіңнен көбірек қолдану-ысырапшылдық болып саналады", деген екен.

 Сол үшін де құрметті оқырман, әркез ысырапшылықтан сақтанайық. Берекеміз шашылмасын дейтін болсақ, әрқашан ысыраптан сақтанып, бірқалыпты және орта жолды ұстанғанымыз абзал.

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: