КӨРКЕМ МІНЕЗ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ!

КӨРКЕМ МІНЕЗ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

        Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сондықтан, әл-Фараби бабамыз «Мінез – жанның айнасы» деген екен. Әдетте, біз адамдарға қарап, мінезі жақсы екен немесе жаман екен, деп баға беріп жатамыз. Жақсы мінез-құлық, рухани байлық – ұлы бабаларымыздан қалған мұра. Бұл асыл құндылық біздің қанымызға сіңген. Көркем мінез – адам бойындағы жақсы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.

    Көркем мінездің анықтамасы жайында тіл, фәлсафа әрі дін ғұламалары зерттеп әртүрлі пікірлерін жазған.

    Тіл ғалымдары: «Көркем мінез – ол әдемілік. Кез келген іс-әрекетті әдемі орындау», - деген.Фәлсафа ғалымдары: «Көркем мінез адамдарға ұнамды болу яғни (симпатия)», - деген.

     Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындары мен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы атқару, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптары мен әдептерін сақтай отырып атқару, - деген.

          Мінез жайлы Алла Тағала Құранның «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді» деген. Бұл жерден де мінездің өзгеретінін, адамның жақсы жағына бейімделуге болатынын байқаймыз.

      Көркем мінез туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Көркем мінезді адам ғабиттің (ғибадатшының) дәрежесімен тең», - деген. Асыл дініміз ақида және амал, ахлақтан (мінез-құлық) тұрады десек, адамның мінезі жақсы болмаса, діннен тәрбие ала алмайды.

      Дін мінезбен тарайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді», - деген. Бірде бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда, ол: «көркем мінез» деп жауап қатқан. Демек, Ислам дегеніміз – ең көркем мінез.

     Алла Тағала Құран Кәрімде сүйікті елшісі жайында: «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят), - деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әркез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған.

    Қорыта айтқанда, қай заманда да адам бойындағы жаман мінез-құлық өзіне ғана зиян тигізіп қоймай, қоғамға да елеулі зарарын тигізетіні баршамызға мәлім. Түрлі келеңсіздіктер мен кекілжіңдердің себепшісі болған жаман мінезден арылу жолында тигізген септігіміз болсын деп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінда Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін келтірсек: «Қиямет күні амалдар таразысында ең ауыр салмақ тартатын көркем мінезден артық ештеңе болмайды. Асылында, көркем мінез иелері ораза ұстайтындар мен құлшылық ететіндердің дәрежесіне қол жеткізеді» (Әбу Дәуд).                

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы

Кеңес ауылы  «Кеңес» мешітінің имамы

Жайлауов Гали Олжабаевич 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active