Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің ұйымдастыруымен «Рамазан сыйы» атты қайырымдылық шарада 100 отбасыға азық-түлік салынған пакеттер таратылды.
Шараға Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы және Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы қатысты. Қайырымдылық шарасында облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы: «Құран – ақиқат пен жалғанды ажыратып, адам баласына екі дүниеде де бақытты болудың жолын көрсететін иләһи кітап.
Жақсылық жасаған адамды сүйіншілеп, оны қуандыру сауапты іс болып саналады. Алла Тағала Бақара сүресінің 25-аятында: «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннаттар бар», – деген. Аятқа назар салсақ, жақсылық жасаған адамды қуантып, оған қандай сыйлықтар әзірленгенін сүйіншілеп тұрғанын көреміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:«Кім Исламда қандай да бір жақсы жол (әдет) бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады және бұл олардың сауабын еш кемітпейді», – деген», - деп «Мұсылманды қуанту сауапты іс» атты насихатын мешітке келген мұқтаждарға айтты.