Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Және намазды (дұрыс болу шарттарына сай етіп) оқыңдар, әрі (толық) зекет беріңдер», - деп бұйырған («Бақара» сүресі, 43-аят). Осы орайда, сауаптар еселенетін қасиетті Рамазан айында Меркі ауданы, Қызылқыстақ ауылы бойынша зекет таратылды.
Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тіректерінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.
Алла ісіне береке беріп, нығметіне бөленген бауырларымыз ауылдағы көп балалы жанұяларға, сондай-ақ, басқа да қарапайым отбасыларға зекетін ақшалай табыстады. Көмек 15 отбасыға үлестірілді.
Қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылған шараға тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Алла Тағала зекет иелерінің ниеттерін қабыл етіп, отбастарына, мал-дүниелеріне және кәсіптеріне береке беріп, екі дүниеде де абыройлы құлдарының қатарынан етсін!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі