Жамбыл облысы Байзақ ауданы Аймантөбе ауылдық «Аймантөбе» мешітінің имамы Кенжехан Өксіпбайұлының ұйымдастыруымен «Аталар мектебі – тәрбие негізі» атты ақсақалдарға арналған семинар өтті.
Семинарға Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Есет Таласбаев, Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұл қатысып, «Жастар алдында ақсақалдардың беделі» тақырыбында ой қозғады.
Есет Таласбаев: «Қазақ қоғамында ақсақалдар институтының алар орны ерекше. Халқымыз қарттарды ақыл дариясы, даналық қазынасы ретінде қадірлеген. Қариялардың қатысуынсыз қоғамда қордаланған мәселелер шешіліп, қарымды істер қолға алынбаған. Қартын қадірлеп, қара шаңырақтың құты мен киесі деп ұққан халқымыз оларға қашан да төрден орын берген», - деді.
Қанат Әділханұлы семинарда: «Ал қазіргі қарияларымыз қандай? Жасы ұлғайғандардың бәрі бірдей сый-құрметке лайық па? Жүзінен мейірімі, жүрегінен әділдігі төгіліп тұратын қазына кеуде қариялар неге азайып барады? Дастарқан басында бата бермек түгіл, бәтуалы сөз айта алмай отырған жасы үлкендерді көргенде осы тектес сұрақтар қаумалайды. Той-жиында кейбір қарттардың жастармен жағаласып, топтың алдына түсіп алып, селтеңдеп жүргенін көргенде, немересінің қылығына емес, шетел сериалының қызығына батып кеткен әже мен ұлына ғана емес, ұлтына ақыл айтар ақсақалдардың айқайшыл шалға айналып бара жатқанын байқағанда қынжыласың.
Рас, қазыналы ақсақалдар мен ақ жаулықты асыл аналар, Аллаға шүкір, еліміздің әр өңірінен табылады. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған дана қариялар да аз емес», - деп сөзін түйіндеді.