Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап , ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген. Алла Тағала қасиеті Құран Кәрімде былай дейді: «Уа иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) сақтаңыздар» Тахрим сүресі, 6-аят. Сонымен қатар Алла Тағала басқа аятта былай деп бұйырады: «Отбасыңды намаз оқуға бұйыр және өзің де намаз оқуда табандылық таныт. Біз сенен ризық сұрамаймыз, керісінше сенің ризық-несібеңді Біз берудеміз. Расында, жақсы нәтеже тақуаларға» Таһа сүресі, 132-аят.
Ибн Омар (Алла олардан разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынның малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар!». Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махабат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оның тыныш, мамыражай жағдайда өскені жөн. Оған қатты дауыс көтеріп ұрсуға, жекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ айқай-шу, төбелес сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал. «Әрбір туылған сәби фитрада (әуелгі таза болмыста, яғни еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы етеді. Сондықтан ата-ананың балаға дұрыс үлгі болуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы.
«Ел болам десең - бесігіңді түзе» - деп, қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Осыған бірден-бір мысал: Зере әжеміздің Құнанбайды дәретсіз емізбегені. Ал, Құнанбай атамыз қажылыққа барып, Мекке қаласынан қазақтарға деп жатақхана тұрғызды. Құнанбай атамыздың бойындағы мұндай қасиеттер анасы Зеренің берген тәрбиесінің негізі деп білем. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» -деп, ата-бабамыз айтқандай, осындай ер тұлғалы Құнанбай атамыздан білімді де алғырт Ұлы Абай дүниеге келді. Абай Құнанбайұлы осы күні дүниеден озып кетсе де, қазақ халқының жадында, дана және дара Абай болып мәңгіге сақталды.
Бала тәрбиесі - үлкен бір ғылым. Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Сондай-ақ, бала біреуге қарап еліктейтіні айдан анық. Сондықтан да, ата-аналар бала үшін ең бірінші «модель» болады. Мысалға айтатын болсақ, ата-анасының киім үлгісі, өзін-өзі күтуі, сөйлеу мәнері дұрыс болуы қажет. Ата-анада ең бірінші адамгершілік құндылықтар басым болу қажет. Егер ата-анасы осы айтылғандарды өздері дұрыс орындамаған жағдайда, бала әке-шешесінің жасағанын дұрыс деп есептеп, оларға еліктеп өзінің бойына да сондай тәрбие қалыптастырары анық. Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген, қазіргі уақытта ол күндердің әдебін көру көп жағдайда мүмкін болмай отыр. Ең әуелі олар баланың алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті жеткілікті дәрежеде орындауы тиіс. Ол дегеніміз, материалдық құндылықтар ғана емес рухани құндылық та керек. Жақсы мен жаманды ажырата білгені жөн. Өмірдің мәні тек ақша мен байлық деген ойдан баланы аулақ салу қажет. Адами қасиетті бала бойына дарыта білу кез – келгеніміздің қолымыздан келе бермейді. Тіршілік қамымен жүріп балаға мүлдем көңіл бөлмейтін де, өз машақатымен айналысып балаға тәрбиенің керек екенін ұғынбайтын да, тәрбиеде ең бастысы тәртіп деп балаға тым қатал қарайтын да, қазіргі балаға қатты айтуға болмайды деп баланың ыңғайымен жүретін де, менің жиған – тергенім балама жетеді деп қалтаға сенетін де, «басқа жұрт не десе о десін менің балам ең тәуір бала»- деп баланы жақтап отыратын ата-ана да жоқ емес. Мен, өз өмірімдегі осындай жағдайларды ескере жүріп, балаға қойылатын талаптың да, оған берілетін еріктің де өз шегі болуы керек екеніне көз жеткіздім. Демек, бала мен ата – ана арасында өте тығыз байланыс жүру керек.
Азизов Рамиз Асимұлы
Жамбыл облысы Тараз қаласы
«Давруш ата» мешітінің имамы