Шежіредегі тарихи тұлғалар жайлы бір үзік ой

Шежіредегі тарихи тұлғалар жайлы бір үзік ой

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Шежіре, (арабшада шаджарат – бұтақ, тармақ) деген сөздерді береді. Ал, тарих ғылымында халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын ғылым. Бұрындары бабаларымыз шежіре жайында ұрпақтарының құлағына құйып, шежірені білулеріне қатты мән берген. Кемі жеті атасын жаттатып, жеті атасын білмегендерді «жеті атасын білмеген-жетімдіктің белгісі» «жеті атасын білмеген жетесіз» деп, саналарын ояту үшін осындай сөздермен түйреп отырған.

Бабалардан жеті атаны білудің маңыздылығы туралы «жеті атасын білген ер жеті рулы елдің қамын жер, жалғыз өзін білген ұл, құлағымен жағын жер» деген нақыл сөздер қалған. Шежіре деген үлкен ғылым. Қазіргі кезде ғылым мен технологияның дамыған уақытында шежірені зерттеу, едәуір жеңілдегені белгілі. Әлі де осы саланы зерттеп, ойға-ой қосып, жаңа деректерді алға тартып, зерттеп, әбтен зерделеп, барлық ойын жинақтап, білген түйгенін қағазға түсіріп, кітап қылып шығарып жатқан шежіреші кісілер қазіргі кезде көптеп кезігеді. Бұл әрине қуанарлық жағдай. Дегенмен әлі де зерттеп нақты тұжырым жасалмаған салалары да бар. Нақты айтып өтетін болсақ, шешіре тізбегінде тұрған тарихи тұлғалардың нақты қай ғасырларда өмір сүргендігі жайындағы әр түрлі деректер. Әрине бұл үлкен көлемде зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап ететін, көрші мемлекеттердің, басқа да шаң басқан архивтерін қопарып, ыждахатпен талдау жасауды талап ететін жұмыс. Ия, көрші мемлекеттердің архивтерін ақтарып талай зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар бар. Бірақ әлі де бір нақты осы ғасырда өмір сүрген деген деректер жоқ. Мысалға: тарихта Майқы би атымен өмір сүрген бірнеше тұлғалар бар екенін білеміз. Соның ішінде екі тұлғаның шоқтығы биік. Біріншісі: б.з.б ғасырларда өмір сүрген Майқы Мәнұлы, екіншісі XII-XIII ғасырларда өмір сүрген Шыңғысханды хан көтерісуге ат салысқан 12 бидің бірі болған Майқы Төбейұлы. Сонымен «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» атанған Майқы би қайсысы деген сұрақтарға зерттеу жүргізілген деректердің көпшілігі Төбейдің баласы Майқы би дегенді алға тартады. Және осы екі тұлға бір кісі болған деген деректерде бар. Енді екеуі бір кісі болса, онда Майқы би қай ғасырда өмір сүрген деген сұрақ туындайды. Б.з.б ғасырларда ма? Әлде XII-XIII ғасырларда өмір сүрген ба? Бұл сұрақтардың жауабын, осы салаға ғылыми зерттеу жүргізіп, талдау жасаған ғалымдардың еңбектері арқылы шолу жасап көретін болсақ, тарихтан білеміз Жетісуда б.з.б VIII – V басқа бір деректерде б.з.б II – б.з VI ғасырларында Үйсін атауымен үлкен мемлекет өмір сүргендігін. Енді ұлы жүздің шежіресін тарқатып келсек, тағы бір Үйсінге жолығамыз.

Шежіредегі Үйсін Майқы бидің немересі болса, Үйсін мемлекеті б.з.б ғасырларда өмір сүрген үлкен тайпалық бірлестік. Енді осы екі Үйсіннің арасын нақты ажыратып берген тарихи деректер жоқ. Бір бөлік ғалымдар Қытай деректеріне сүйене отырып, екеуін екі бөлек, бір-бірімен еш байланысы жоқ десе, екінші бір деректерді ұсынған ғалымдар екеуін біріктіріп, шежіредегі Үйсінді апарып, Үйсін мемлекетімен байланыстырып қояды. Барлығыда ғылыми деректерді алға тарта отырып, тұжырым жасайды. Енді екінші ғалымдардың келтірген ғылыми дәлелдеріне сүйене отырып, Үйсін Майқы бидің немересі екенін ескерсек, Майқы би б.з.б ғасырларда өмір сүрген болып шығады да XII – XIII ғасырларда өмір сүрген Майқы би мүлдем шежіреге қатысы жоқ бір тұлға болып қалады. Ал, алдыңғы ғалымдардың келтірген ғылыми дәлелдеріне сүйенсек, Үйсін мемлекеті б.з.б ғасырларда өмір сүрген үлкен бірлестік болады да, шежіредегі Үйсінге еш қатысы жоқ  екенің көреміз. Бұлай болған жағдайда, шежіредегі Майқы би XII – XIII ғасырларда өмір сүрген Майқы би болып шығады. Тағы бір дерек, Бәйдібек бабаға қатысты. Ол кісінің де қай ғасырда өмір сүргендігі жайында нақты деректер жоқ.

Бәйдібек Қарашаұлы VI-VII ғасырларда өмір сүргендігі айтылады. Ал, үшінші жұбайы Домалақ (Нүрилә) ана XIV-XV ғасырларда өмір сүргендігі тарихи деректерде көрсетілген. Қарап отырсақ Бәйдібек баба мен Домалақ ана арасында қаншама ғасырлар айырмашылығы шығады. Бәйдібек баба VI-VII ғасырларда өмір сүрсе, Бәйдібектің арғы аталары болып табылатын Майқы биден де Бәйдібек баба бірнеше ғасыр жоғары өмір сүрген болып шығады. Дулат тайпасының шығу тарихы туралы да әр түрлі деректер кезігеді. Солардың кейбірінде Дулат тайпасын б.з.б ғасырларда өмір сүрген Үйсін мемлекеті құрамында болған деген деректерді алға тартады. Ал, бір деректерде Бәйдібек баба өмір сүрген кезеңмен байланыстырады. Шыңдыққа жақыны да осы екінші нұсқа болар. Олай дейтінім, Дулат тайпасы б.з.б ғасырларда қалыптасты десек, Дулаттың атасы Бәйдібек баба VI-VII ғасырларда өмір сүрген деген деректерді қайда қоямыз? Осылай шежіреге қатысты тирихи ғылымға негізделген деректерді оқиын десен, осындай бір-біріне қарама-қайшы сан алуан деректерге жолығасын. Барлығы жазған ғалымдардың өз тараптарынан зерттеп, зерделеніп, жинақталған деректерге сүйенеді. Мен бұл салаға қалам тартып жүрген шежіреші де ғалымда емеспін. Тек өзімнің ойымды айтып, талдау арқылы өз тұжырымымды жасап жатқаным, бұл салада әлі де зерттеуді талап ететін, кейбір деректер бір-біріне қарама-қайшы келіп жатқан тарихи оқиғалар, әлі де бұл ғылымға зерттеу жұмыстары жүргізілу керек екенін көрсетсе керек.

 Зульфухар Түзелбаев

Талас ауданы, Бостандық ауылы  «Төртбай ата» мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: