Мұсылман адам әуелі өзін жоқтан бар еткен Аллаға сеніп, Оны жақсы көруі тиіс. Алланы жақсы көру дегеніміз - Оған иман ету мен тануға байланысты болмақ. Өйткені адам білгенін әрі танығанын ғана жақсы көре алады. Біз үшін Алланы жақсы көру мәселесінде ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) барша үмметке үлгі бола білді. Оның өміріне көз жүгіртсек, Алланы қалай жақсы көргенін әрі қалай Жаратушысына тәуекел еткенін білетін боламыз. Раббымыздың құзырында қабыл болатын құлшылық пен дұға Оған деген шынайы сенім мен жақсы көруге байланысты болмақ.
Кезекті мақаламызда соңғы жылдары елімізде сенім-нанымдарға қатысты елең еткізген жәйттердің бірі Тәңіршілдік сенімі жайында азды-көпті білгенімізді ортаға салғанды жөн көрдік.
Сонымен, Тәңіршілдік деген ұғым нені білдіреді? Нендей өз көздеген мақсаттары бар? Оған қатысты Діни басқарманың көзқарастары қандай?
Тәңіршілдік түркі елдердің, соның ішінде қазақ халқының Исламға дейінгі діни сенім-нанымы болып саналды. Жасыратыны жоқ, ғасырларлар бойы ата-бабаларымыздың ұстанып келген дінін (ислам дінін) бұрмалаушыларды, яғни қазақты тәңіршілдік дінінде болған деп санайтындарды соңғы кездері жиі кездесетіретін болдық. Бұлай қабылдау дұрыс, неге? өйткені ырымдар мен жоралғыларды дінге айналдыру дұрыс емес. Осыдан біраз уақыт бұрын ҚМДБ-ның тарапынан "Тәңіршілдік қазақ халқының төл діні емес" деген арнайы мақаласы да жарық көрген. Ол жерде де төмендегі ұстанымды келтіреді:
Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид діні еді. Ислам – Алла Тағала тарапынан жіберілген соңғы әрі иләһи дін. Ислам діні өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла Тағала мұнан басқа дінді қабыл етпейді. Бұл туралы Құранда Әли Ғымран сүресінің 19-ші аятында: "Шүбәсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам діні", делінген болса, Аталмыш сүренің 85-ші аятында: "Кімде - кім Исламнан басқа бір дін іздесе, одан ол әсте қабыл етілмейді. Ол ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады", - деп баяндалады. Қазіргі таңда олардың насихаты нақты ислам дініне қарсы бағытталып, ислам дінін қаралаушылық сипатқа ие бола бастады",- делінген. Сол үшін де айтарымыз, қазақ халқы 8 -ші ғасырдың ортасынан бері күні бүгінге дейін Алланың жер бетіне нұр қылып жіберген Хақ Ислам дінін дұрыс сенімде ұстанып келеді. Мейлі қандай да тұлғаларымыздың қайсысын алар болсақ та, әркез дұрыс сенімде болғандықтарын аңғарамыз. Дінтанушы ғалымдарымыздың айтуынша, түркілерде "Көк Тәңірі" сенімі болғандығын айтады. Олар Жаратушыға «Тәңірі» деген сөз қолданған. Б.э.д. ІІ ғасырда ғұндар "Көктегі Ұлы Тәңірі" деп қолданған. Ал ислам дінін қабылдаған түркілер «Тенгри», «Тәңірі» атауын ұмытпай, Алла сөзінің синонимі етіп қолдануға көшкен. Олар ешқашан «Тәңірі» сөзін Алла сөзінің антонимі ретінде қолданбаған. Ақиқатында Алла сөзі ешбір тілге аударылмайды. Араб тілінде «раб, иләһ, мәулә» атауы құдай ұғымын береді. Сондықтан Тәңірі атауы "Алла" деген ұғымды білдіреді. Алла басқа, Тәңірі басқа бола алмайды. Бұлай деу түркі және ислам сеніміне қайшы болып табылады.
Ал енді Тәңіршілдік дегеніміз, ол - дін емес, оны ұстанушылардың өздері мұның анық-қанығын әлі күнге дейін жіті түсінбеген. Кейбір сарапшы дінтанушылардың пайымдауынша, бұл ағымды Батыстың қаржылық қолдауымен құрылғанын айтады. Мақсаттары, елдің бірлігі мен татулығын бұзу және ел ішіне іріткі салу.
Бір кездері Тәңіршілік пен Тәңіршілердің идеологиясына тіпті көршілес қырғыз бауырларымыз да қарсы шыққандығын да естігенбіз. Айыр қалпақты көршілеріміз де Тәңіршілдіктің басты мақсаттары қырғызды екіге бөліп, жоқ қылғысы келген қалмақтардың ойлап тапқан идеологиясы деп санайды. Сондай-ақ қырғыз жұрты "Тарихымызда қалмақ қырғызды еш жеңе алмай кеткен, сол үшін де олардың адамдарға (қырғыз халқына) жасаған психологиялық шабуылы" деген пікірді айтады.
Олар яғни Тәңіршілер ұйымы сол кездегі Қырғыз елінің мемлекеттік дін комисиясының төрағасы Орозбек Молдоалиевке: "Тәңіршілдікті бізге дін деп бұйрық шығарып беріңіз" деп те қолқа салған екен. Жауап ретінде О.Молдоалиев: "Христиан өкілдерінің Библия кітабы, Мұсылмандардың Құран кітабы бар. Ал сендердің қандай да ұстанатын басты кітаптарың бар ма?", деген кезде, олардың ауыз аша алмай абдырап қалғандығы айтылады, әрі ол елде де бұл ұйымға тиым салынған.
Сөз соңында айтарымыз, діни сенімдеріміз әркез дұрыс болуы керек. Білмегендерімізді әрқашан білікті мамандарымыздан үйренгендеріміз абзал. Мысалыға айтар болсақ, кейбіреулер шаманизмді түркілердің сенімдері болған деп те шатастырып жатады. Бұлай айту қате ұғым. Шаманизм дін емес, жәй ғана наным болған. Сол секілді Тәңіршілдікті де имани сеніміміздің бір бөлігіне жатқызатын болсақ, үлкен қателікке бой алдырғанымыз боп саналады.
Жаратушымыз баршамызға дұрыс сенім мен тура жолды нәсіп етсін!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Рысқұлов ауданы