«Алланың мешіттерін, шынайы түрде Аллаға, ақірет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне солардың тура жол табулары үміт етіледі» - деген. (Тәубе сүресі 18 аят. )
Мұсылман қоғамында мешіттің маңыздылығы аса зор. Шынында да Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мадинаға барғаннан кейін сол жерде бір біріне өте берік байланған бауырмашыл қоғам құруға талпынды. Пайғамбардың осы жолда жасаған алғашқы қадамы мешіт салу болды. Бауырмашылдығы мықты қоғам құру, бірлігі жарасқан ел болу, адамдардың бір біріне сүйіспеншілігін арттыру сияқты көркем істер мешітте ғана болатынын жақсы білген еді. Мұсылмандар мал-мүліктен, дүниелік тіршіліктерінен уақыт бөліп, Алланың үйіне жиналып, тең дәрежеде отырмаса, араларындағы бауырмашылдық пен сүйіспеншілік рухы болмасы анық. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың жүректері күн сайын Алла Тағалаға байланып, құлшылыққа беріліп, Раббысының алдында бір сапта тұрмаса, бауырмашылдық рухтың оянуы мүмкін емес екенін жақсы білген болатын.
Шынында да қандайда бір мемлекет құру үшін және сол мемлекет аяққа тұрып кету үшін бірлік керек. Ал бірлік сүйіспеншілік пен бауырмашылдық арқылы болады. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі өнегесін алған қазақ аталарымыз еш мүлтіксіз Ислам шариғатынан ауытқымаған. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолымен жүріп, істеген істерін жалғастыруды қалаған. Біздің қазақ ата бабаларымыз қазақ жерінде көптеген мешіт медреселер ашып, халықты жамағатқа үйретіп, бір ортада ұйыта білген. Осындай бірлікте болған аталарымызға ешбір жау жақындауға батылдары жетпеген. Айтар болсақ, 1850 жылдары Қарқаралы қаласында көркем мешіт салып, артында қалған біздер сияқты ұрпақтарына үлгі қалдырған атамыз Құнанбай болатын. Сол мешіт кейіннен «Құнанбай мешіті» деп аталып кетті. Сол мешітке жан жақтан шәкірттер оқып, Абай Құнанбайұлы өзі де барып тұрған. Қазақ даласында өткен бабамыз Бекет атаны да айта кетпеу мүмкін емес. Бекет ата Оғыландыда жер асты мешітін салып балалар тәрбиелеген. Небір қиыншылықтарды, тар жол тайғақ кешулерді басынан өткізген қазақ елі Алланың қалауымен, осындай ата-бабаларымыздың дұғаларымен қазіргі уақытқа дейін осы Хақ жолды ұстанудамыз.
Соңғы кездері қаптап кеткен небір ағымдардың алдын алудың бірден-бір жолы, мешітке жамағат болып жұмылып, мешіттерден шариғи білімдер алу. Бірлік, сүйіспеншілік, бауырмалдық, тек қана Алланың жібін ұстанумен, шариғатымен жүрумен келетіндігін Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі ғұмырында үлгі ретінде көрсетіп кеткен. Сахабалардың Ислам дінін әлемге жаюы, осы мешіттерде жиналып, бірліктің арқасында жеткендігі барлықтарымызға белгілі. Бірлік болмағаннан кейін әркімнің жан-жаққа тартып нәпсі қалаулары мен алауыздық етек жаятыны барлығымызға аян.
Мешітті абаттандыру оны көркейту барша мұсылманның міндеті. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) айтты: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыл аймақтарда мешіт салынуын, олардың таза ұсталуын және іші хош, жұпар иіс аңқып тұруын әмір етті».
Алланың үйін тазалаушы кісінің дәрежесі жоғары болады. Сахаба Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) айтуы бойынша Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітін қара нәсілді бір әйел кісі тазалайтын. Бірде ол біраз уақыт көрінбей қалады. Сонда Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біршама уақыттан бері оны көрмегендіктен, «Әлгі мешіт тазалаушы әйел қайда?», - деп сұрайды. Сонда сахабалар: «Ол әйел қайтыс болды» дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған неге хабар бермедіңдер? – дейді. Сахабалардың оншалықты мән бермегендігін байқаған Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін жалғастырып: «Маған қабірін көрсетіңдер», - дейді. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірінің басына барып, жаназа намазын оқығаннан кейін: «Мына қабірстан ол жерде жатқандарға тас қараңғы. Оқыған намазымның себебімен Алла Тағала олардың қабірлерін сәулелендірді», - дейді.
Мұсылман тұлға ретінде тазалықты әуелі тұратын үйінде, жүретін жолында, жұмыс орны мен қоғам ортасында жүзеге асыра білуі керек. Мешіт Алланың үйі әрі қоғамдық мекен болғандықтан, мешітке келетін жамағат ғибадат үйінің тазалығына аса ұқыптылық пен жауапкершілік танытқаны абзал. Өкінішке орай, мешітке келген жамағаттан бағзы біреулерінің жағымсыз қолтық исі, шұлықтарының шуаш иісі, қала берді ауызынан жеп келген пияз яки сарымсақтың жағымсыз исі шығып, жан-жағындағы жамағаттың мазасын қашыратындар да жоқ емес.
Жалпы, қоғамдағы тазалық – кең ауқымды тақырып. Бұл мәселе әрбір адам баласы үшін өте маңызды. Ол үшін не істеуіміз керек? Қоғамды құрайтын тұлға. Ал, мемлекетті құрайтын қоғам. Демек, ең бірінші әрбір тұлға өзіннен бастауы қажет. Қараңғы қапас дәуірін нұрға бөлеген Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең әуелі өзінен бастады. Сахабалар Оның ісі сөзіне, сөзі ісіне сай екенін куәлік бере отырып қоштады. Әрекет – бізден, нәтижесі – Алладан. Олай болса, іске сәт, құрметті жамағат!
Сейдали Тафилбекұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Талас ауылдық «Ән-Нағим» мешітінің имамы