Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында: «(Уа пайғамбар,) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» – дейді.
Сөз маржанын теріп, өсиет қалдырған жырауларымыз:
«Өзін ғана ойлаған –
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған –
Адамдықтың белгісі», – деп жырлайды.
«Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде», – дейді халқымыз.
Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі — рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), Екіншісі – іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).
Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау – қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылықты – жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайыр садақа берумен де көрініс табады. Шынайы қайырымдылық – өзгелерге жасаған қайтарымсыз көмек.
Мәдина қаласында бір соқыр яһуди (еврей) күн сайын базарда тұрып алып: «Мұхамметке ермеңдер! Ол өтірікші, сиқыршы, жаман адам», – деп айқайлайды екен. Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін жамандаған соқыр яһудиге күнде тамақ алып барып, өз қолымен тамақтандырады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл қайырымдылығын өмірінің ақырына дейін жалғастырады. Бір күні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озады. Әлгі яһуди Пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамандауын тоқтатпайды әрі өзін үнемі тамақтандыратын адамды күтеді. Бірақ күткен адамы келмейді. Содан бір күні Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) өзінің қызы Айшаға (Алла оған разы болсын) келіп: «Ей, Айша! Пайғамбарымыз өмірінің соңғы кездерінде не істеді, қандай сүннет (жол) қалдырды? Мен де соны жасайын», – дейді. Қызы Айша (Алла оған разы болсын): «Ол базарға барып бір соқыр яһудиді үнемі өз қолымен тамақтандыратын», – деп жауап қатады. Бұны естіген Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) тамақ әзірлеп базарға барып, әлгі соқыр яһудиді тамақтандырмақшы болады. Сонда соқыр яһуди: «Сен кімсің?», – деп сұрайды. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Сені үнемі тамақтандырып жүрген адаммын», – дейді. Яһуди: «Өтірік айтпа, ол сен емессің», – дейді. «Неге олай ойлайсың?», – деп сұрайды Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын). Еврей: «Ол мені өз қолымен тамақтандырған-да оның қолынан сондай жылылықты, мейірімді сезетін едім», – дегенде Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Ол Алланың елшісі Мұхаммед еді ғой…», – деп көз жасына ерік береді. Әлгі яһуди: «Мұхаммед дейсің бе?», – деп екі-үш рет сенбей сұрайды. «Мен оны осы күнге дейін жамандадым, неше түрлі ауыр сөздер айттым, ол болса мені сөкпеді, қой деп те айтпады», – деп ол да жылайды. Кейін соқыр еврей: «Сен кімсің?», – дейді. Әбу Бәкір: «Мұсылмандардың бірінші халифасымын», – дейді. Соқыр еврей сол жерде: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммет оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін», – деп мұсылман болған екен. Міне, қайтарымсыз көмектің шынайы қайырымдылық екенін осы ғибратты оқиғадан көреміз.
Бекжан Майданбекұлы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Көкөкзек ауылдық «Жантай ата» мешітінің имамы