ЗАҒИП ЖАНДАР ҮШІН БІРЕГЕЙ МҮМКІНДІК

ЗАҒИП ЖАНДАР ҮШІН БІРЕГЕЙ МҮМКІНДІК

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2024 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында «Ізгі қоғам» бағытының маңызын тағы бір атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің елге арнаған бір сөзінде мүгедектігі бар жандарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін айтқан болатын.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ізгі қоғам – Исламның басты міндеті» атты мақаласында: «Қазір көптеген дін атын жамылған түрлі ағымдар мүгедектігі бар азаматтарға өздерінің діни ұрандарын таңып, идеологиясын белсенді түрде жүргізуде. Тіпті хал үстінде жатқан қаншама жандар өзге діннің сеніміне ереді. Өткен жылы діни сауат ашу курстарына қосымша «Намаз оқуды үйрету» және «Құран жаттау курсын» ашуды тапсырған болатынбыз. Мұндай курстар өз нәтижесін беріп келеді. Ендігі кезекте мүгедек жандар үшін арнайы курс ашып, асыл дінімізді насихаттауды қолға аламыз. Мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар жандарға дін насихатын жүргізу, Алланы таныту. Осы ретте бейнетаспаға түсірілген уағыздардың бірқатарына сурдоаударма жасауды жоспарлап отырмыз» деп, бұл бағыт аясында көптеген шаралардың жоспарланғанын мәлімдеген еді.

Осы орайда біздің Алматы облысында өкілдік тарапынан зағип жандарға арналған «Брайл дәрістерін» оқыту курсы қолға алынған болатын. Брайль қарпі – көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы жазу жүйесі. Бұл әліпби көзі көрмейтін адамдарға жазу мен оқуға мүмкіндік береді. «Брайл дәрістерін» оқыту курсының мақсаты – көзі көрмейтін, бірақ, Құран үйренуге деген ықыласты жандарға білім беру.

Қазіргі таңда бұл жоба алғашқы жемісін берді. Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің ұстазы, арнайы маман Айнұр Хұмарбекқызы өңірімізге қарасты 6 әйел ұстазға 2 ай бойы Брайл әдісін үйретті. Алдағы уақытта аталмыш ұстаздар Құран үйренуге ықыласты зағип жандармен етене жұмыс істемек ниетте.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бағдарлық баяндамасында өзге де бастамаларды көтерді. Бұл ауқымды жобалар осы жылы жүзеге асуы тиіс. Біз өз тарапымыздан аталмыш мақсаттардың мәнін ұғып, әр уақытта ел мен қоғам игілігі үшін қызмет етуге әзірміз.

 

Мадияр ТАҒАЙБАЙҰЛЫ,

Алматы облысының бас имамы

 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: