ҚАЙЫРЫМДЫ БОЛУ ҚАПЫСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ

ҚАЙЫРЫМДЫ БОЛУ ҚАПЫСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала адамзат баласының рухын жаратқанда оның бойына жамандыққа қарсы жиіркеніш, рухани мазасыздық секілді ішкі күймен бірге жақсылыққа құмарлық, ізгіліктен жүрекпен ләззат алу сезімдерін құйған. Оған біздің кез келген тіршілік иесіне жасаған игі ісімізден кейінгі жан-дүниемізде пайда болатын ерекше сезімдер дәлел болмақ. Сол секілді бұл өмірде кімге де болсын, шаңның тозаңындай жасалған қиянат сұраусыз қалмайтынындай, жақсылық та шексіз нығметіне қауыштыратыны – өзгермейтін заңдылық.

Бұл әділ заңдылықтың иесі Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін Өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін беріңдер. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни сауапты толық аласыңдар)» («Бақара» сүресі, 272-аят) деген. Ал күллі адамзат баласына үлгі-өнеге көрсетуде ең озық тұлға ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде бұл жайлы: «Кімде-кім жақсылыққа жол сілтесе, сол үшін сауап жазылады», – деген болатын.

Қайырымдылық деген – өзгенің мұқтаждығын өз қажетіндей көріп, шама-шарқы келгенше айналаға пайдасын тигізу. «Итке сүйек тастағаның қайырымдылық емес. Өзің де аш отырып, итпен сүйек бөліскенің – қайырымдылық» деген нақылдағыдай, бұл ұғымды тек материалдық дүниемен шектеп қана қоймай, адамның жанына терең үңіле біліп, жан жарасына дауа болатын әрекеттермен де өлшеген дұрыс. Өйткені Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанындағы сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Яғни қайырымдылық ұғымының ауқымы кең.

Асыл дінімізде қайырымдылықтың өлшемі мұсылман баласына міндет саналатын бес парыздың бірі зекетте бекітілген. Нисаб мөлшеріне жететін дәулеті бар адам байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың ризалығы үшінқоғамдағы мұқтаж адамдарға риясыз көмек ретінде беруді «зекет» дейміз. Кімде-кім зекет берсе, әлеуметтік ортадағы түрлі келеңсіздіктер мен қылмыстар азаяр еді. Алайда адамзатқа жақсылық қаламайтын шайтан малғұн пендені: «Зекет берсең, кедейленіп, аш-жалаңаш қаласың», – деп азғырып, тура ниетінен тайдыруы мүмкін. Анығында, зекет мал-мүліктің азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп болады. Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Алла өсімнің берекесін жояды, ал садақасы берілген малдың берекесін арттырады» («Бақара» сүресі, 276-аят). Демек қайырымды болу – өзіңді сараңдықтан құтқарумен қатар қоғамды тәрбиелеу құралы. Осы тұста жақсылыққа үздіксіз ұмтылу бізді толассыз нығметке қауыштыратынын Құрандағы Алла Тағаланың: «Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады», – деген уәдесінен бағамдай аламыз.

«Қайырымды» деген сөзді естіген сәтімізде санамызға жомарттық сипаты қатар келетіні анық. Осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» (Термизи) деп, үмбетін ізгілікке шақырған хадисіне амал етіп, нағыз жомарттықтың бейнесіне айналып, қайырлы істер жолында жарыстың нағыз үлгісін сахабалар өмірінен де анық көреміз. Тірісінде жәннатпен сүйіншіленген және жомарттық дегенде аты бірден еске түсетін сахабалардың бірі – Абдуррахман ибн Ауф (оған Алла разы болсын). Бұл қасиетін ол өле-өлгенше ұстанып өтті. Осы айқын қасиеті үшін де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіспеншілігіне бөленді. Саңлақ сахаба бір кезде 40 мың динар, 500 ат және 500 жүк түйесін Алла жолына берді. Өзі жұпыны тұрмыс кешіп, үйінде кем-кетік пақырлар үшін үнемі дастарқан жайылатын. Сонымен қатар Абдуррахман ибн Ауф (оған Алла разы болсын) өмірінің соңына дейін 30 мың құлды азат етіп, Бәдір шайқасына қатысқандарға 4 мың динар беруді өсиет еткен. Осы жомарттығын да місе тұтпай бір күні ол мүминдердің анасы Умму Сәламаға (оған Алла разы болсын) келіп: «Дүниемнің көптігі мені құрдымға жетелей ме деп қорқамын», – деген екен. Бір ғана сахабаның осындай ғибратты ғұмырынан қасиетті Құран Кәрімдегі «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» деген аятының тамаша көрінісін байқай аламыз. Осындай қайыры мол жандардың қазақ қоғамында да аз болмағанын, олардың істері мен дарқан пейілі бүгінге дейін ел арасында аңыздай таралып келе жатқанын атап өткен жөн.

Жамандықты көп қуған,
Бір бәлеге жолығар.
Жақсылықты көп қуған,
Бақ дәулетке молығар, – деп жырға қосып, кейінгілерге өсиет етіп, даналар мен жыраулар да жырлаған.

Өзін ғана ойлаған –
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған –
Адамдықтың белгісі.
Үлгілі сөз білмеген –
Надандықтың белгісі.
Бар-жоғына қарамас,
Анық жомарт, ер кісі, – деп дәріптеген (Шағырай шешен).

Қазақтың хәкімі аталған Абай да әкесі Құнанбайдың халқына қайырымдылығын өз өлеңдерінде: «Зекет жиып, егін сап, Тойдырған ғаріп, жатақты», – деп жырға қосқан.

Құнанбайды жұрт дәулетіне қарап бағаламай, ақылы мен парасатынан бөлек қайырымдылығы мен адалдығын құрметтеген. Рухани байлық жолында дәулет-байлықты құрбан еткенін төмендегі қазақ ауылдарының бірінде орын алған оқиғадан бағамдай аламыз.

Күндердің бір күнінде Құнанбай ауылының шетіне жау тиіп, елдің жылқыларын барымталаған қуғыншының соңынан түскенде оның кеудесіне найза қадалып, қаны судай сорғалап еліне жетіп, төсек тартып, ес-түссіз жатып қалады. Құнанбайдың амандығын тек өз жұрты емес, алыстағы ағайындары да тілеп, құрбандық атайды. Жезқазғанның Ақтоғай өлкесіндегі бір кедей өз отбасынан жырып, жалғыз сиырын құрбан етіп, «Құнанбай мырзаның дертіне шипа болсын» деп жоқ-жітікке таратып беріпті. Ауыл-аймақтың үлкендері: «Қарағым, Құнанбай жарықтық кімің еді? Жалғыз сиырыңды сойғаның не қылғаның?» – дегенде, әлгі адам: «Құнанбай мырза менің ешкімім де емес. Ол – халықтың адамы. Мендей сіңірі шыққан жандардың талайына болысқан адал, қолы ашық, мырза деп естимін. Құнанбай тірі жүрсе, әлі талай жоқ-жітікке көмек қолын созар» деген екен. Кейін науқасынан айыққан Құнанбай болған оқиғаны естіп, жаңағы кедейге үйір жылқы, қой сыйға бергізген деседі. Мінеки, осындай шарапаты өзінен асып, өзгелерге тиген жан қай уақытта болмасын, сол жақсылығының қарымтасын сөзсіз алатынына тағы да
өмірлік дәлел.

Сөз түйінінде айтарымыз, қайырымды болу ешқашан қапысыз қалдырмайды. Керісінше, Алла Тағаланың рақымына жетелейді. Рахман Иеміз елге жанашыр азаматтарды көбейтіп, әр қазақтың жүрегін қайырлы істерге бекем етсін деп тілейміз.

 

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: