Бисмиллахир рахманир рахим!
Мен, Сейітқазы қажы Әбдірұлы көп жылдан бері аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы қызметін атқарып келемін. Жалпы қасиетті Әулиеата өңірінде дін саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқаныма 40 жылдан асып барады. Имандылыққа үлес қосып, асыл дінімізді ардақтау – барлық мүмін мұсылманға парыз етілгенін жақсы білеміз. Асыл дініміз Исламда Алла тағалаға құлшылық ету, тіршілікте көпшілікке пайда әкелетін сауапты да игілікті істерді көптеп жасау, оның ішінде, мешіт және көпір салу үлкен сауапты істердің бірінен саналады.
Ұлы Жаратушыға тәубе деуіміз керек. Биыл еліміздің егемендік алғанынан 32 жыл толып отыр. Бұл – ел өміріндегі үлкен белес. Тәуелсіздік біздің бейбітсүйгіш халқымызға көптеген игіліктерді сыйлады. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрпымыз, онымен бірге ең бастысы, асыл дініміз – Ислам игіліктерінің халқымызға жыл құсындай болып қайта оралуы егемен еліміздің өмірінде қуанышты оқиғаның бірі болғаны рас. Міне, содан бері Қазақстанда имандылық кеңінен қанат жайып, халқымыз асыл дініміз белгілеген имани шарттарды ұстанып, Алла тағалаға құлшылық ету жолында игілікті істерді атқарып келеді.
Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешіті қасиетті өңірде алғаш бой көтерген Аллаға құлшылық ететін орын болып табылады. Бұл мешітті еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары салынған алғашқы мешіт деп айтуымызға болады. Салынғанына 30 жылдан асқан Алла үйі қалың жамағаттың құлшылық жасайтын құтты орнына айналғалы қашан. Аталған мешіт құрылысының басталуы, ондағы кездескен қиындықтар турасында көп әңгіме айтуға болады. Құлшылық үйінің бой көтеріп, оның бүгінгідей дәрежеге жетуіне қосқан үлесі аса зор болған өңірдің ардақты қариясы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Әбдікерім Жолдасов туралы ой-толғаныстарымды жазып, оны көпшілікке жеткізуге ниет етіп отырмын.
Барлығын басынан бастасам, мен Әбдікерім қариямен 1990 жылдан, яғни «Жуалы» көпшілік мешітінің алғашқы іргетасы қалана бастаған кезден бастап бірге жүріп араластым. Мен Әбекеңдей ардақты азаматтың өнегесінен үлгі алумен бірге, жақсы сөзін тыңдап, ақ батасын алдым десем де болады. Әбдікерім Жолдасов ол кезде аудандық өрт сөндіру бөлімінде басшылық қызметте болатын. Басшы адамның жұмысы басқалардан қарағанда өте жауапкершілігі көп болатыны белгілі. Өрт сөндіру бөлімінде де сондай. Бөлімде атқаратын жұмыстар жетіп-артылады. Әбекең соған қарамай өңірге қарасты ауылдарды аралап, жаңа салына бастаған мешіттің құрылысына қаржы жинауға, басқа да ұйымдастыру жұмыстарына уақыт таба білді. Ол кісінің қаржы жинаудан бөлек, құрылыс жүріп жатқанда оған қажетті материалдарды іздеп шарқ ұрғаны да жұртшылықтың есінен әлі шыға қойған жоқ деп ойлаймын.
Әбекең екеуміз сол кезде аудандағы мекемелерді аралап, үстел, сейф және орындықтар, т.б. қажетті заттарды мешітке таситынбыз. Бірде қыс айында жылу жүйесі істен шығып қалды. Жүйені қайта жөндеп, жылу құбырына су толтыру керек болды. Әбдікерім ата өрт сөндіру машинасымен су әкеліп толтырып берді. Бұл да ол кісінің үлкен азаматтығы еді.
Адамнан тіршілікте не қалады? «Ғалымнан хат қалады» дегендейін, ұлылардан ұлағат, жақсылардан өнеге қалады. Осы тұста бабалар тағылымына терең бойлаған Әбдікерім Жолдасовтың тағы бір қырына тоқталғым келіп отыр. Мешіттің құрылысына қаржы жинау мәселесімен ауданға қарасты ауылдарда көп болатынбыз. Қариямен ауылдарға барғанда ол кісі жас жұбайларға өнегелі де тәрбиелі сөздерін айтып отыратын: «Шырақтарым, ер жігіттің басына бақ үш рет кеп қонады, соны ұстай біліңдер. Бір күнгі ұрыс 40 күнгі несібені қайтарады. Балалардың көзінше ұрыспаңдар. Үйлену оңай, үй болу қиын деген. Ер адам қайда кетсе де, ат айналып қазығын табар, отбасына қайта келеді. Бір үйде қанша жан болса, соның біреуінде ғана бақ болады. Бір үйдің бағы ерінде болса, бір үйдің бағы әйелінде, бір үйдің бағы бесіктегі балада болады. Сол бақтың ерден гөрі әйелде болғаны жақсы дейтін ата-бабаларымыз. «Әйелі жақсы болмай, ер жақсы бола алмайды» деп бабалар сөзін айтып отыратын. Түсіне білген адамға бұл – үлкен тағылым мен өнеге. «Ай не болар күннен соң, күн не болар айдан соң. Құлпырып тұрған бәйшешек қурай болар солған соң. Хандар киген қамқа тоң шүпірек болар тозған соң. Еңсесі биік кең сарай мортық болар бүлген соң. Дөңгелек арба жүре алмас, қос арысы сынған соң. Жігіт жақсы бола алмас, алғаны жаман болған соң» дейтін жарықтық. Осы айтқандары әлі күнге дейін құлағымда жүр. Тағы да былай деуші еді: «Жарықтық әкем Жолдас маған айтатын: «Бір заман келер оны біз көрмеспіз, сендер көрерсіңдер, әкеңнің үйінің жанынан өтіп бара жатып: «Әке, қалайсыздар, аман-есенсіздер ма?» деп айта алмай асығып өте шығасыңдар. Балаңның үйінің жанынан өтіп бара жатып: «Балаларым, айналайын немерелерім, қалайсыңдар, аман-саусың ба?» деп айта алмайтын асығыс заман болар деп отырушы еді» дейтін.
Әбдікерім ақсақалдың көпті көрген көгентүбі қария болғанына оның ауылдағы араздасқан ерлі-зайыптыларды өзара мәмілеге келтіріп, татуластыруы дәлел болады. Отбасында ыдыс-аяқ «сылдырламай» тұрған ба? Осындайда Әбекең екеуміз шаңырағы шайқалғалы тұрған бірнеше отбасыны татуластыру ісіне бірге араласқанымызды айтқым келіп отыр. Қазыналы қарияның билік айтудағы біліктілігі мен көпті көрген кемеңгерлігі, ағайынды артынан ерте білетін мәмілегерлік қасиеті қазіргі билерге үлгі болса, қанекей?!
Сонымен, әкенің өсиеті мен ата-бабалардың ғасырлық өнегесін бойына сіңіріп, оны жас ұрпақтың қажетіне жарата білген қазыналы қария Әбдікерім Жолдасов «Жуалы» көпшілік мешітіне көп қол ұшын созып, жәрдемін аяп қалған жоқ. Қол күшімен де, ұлағатты сөзімен де мешіт құрылысына және жамағатты жинауға да көп үлесін қосты.
Елдің және өңірдің өткені – тарихта таңбаланып қалатыны белгілі. Сол сияқты, аудан орталығындағы мешіттің салынуы да өңір тарихында елеулі оқиға ретінде жазылып қалғаны даусыз. Өткен ғасырдың 1994 жылдары Жуалы ауданының сол тұстағы әкімі, іскер азамат Еркінбек Солтыбаев еді. Әлі күнге дейін есімде. Сабақты иненің де сәтімен болатыны сияқты, бір сәтті күнді пайдаланып аудан басшысының қабылдауында болғанымыз бар. Қабылдауға ауданның белгілі қариялары – Жарас Мұратай, Ділда Мырзақұлов, Әбдікерім Жолдасов және мен бірге кірдік. Сондағы көтерген мәселеміз мынау еді. Әкімге: «Жан бар жерде, қаза бар» деген. Мешіттің жанынан қайтыс болған кісілерді жерлейтін жер бөліп беріңіз» деген мағынадағы өңір халқының ойында жүрген өтінішті жеткіздік. Ондағы ойымыз – дүниеден озған марқұмдардың сүйегін мешіттің жанына қояйық дегеніміз еді.
Көпті көрген үлкен жүректі азамат емес пе? Ер-ағаңа үлкен рақмет. Аудан әкімі Е.Солтыбаев мешіттің жанынан жалпы көлемі 10 гектар болатын жер телімін бөліп берді. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының тұрғындары 30 жылдан бері сол жерге ұлы дүниелік болған ата-бабаларын және басқа да марқұм болған азаматтарды қойып жатыр. Бұл да бір халық үшін жасалған үлкен жұмыстың бірі еді. Тау халқында: «Жақсы қариясы жоқ ауылда жақсы балалар өсіп-өнбейді» деген ұлағатты сөз бар. Сол айтқандай, жастардың жақсы да өнегелі болуы үшін, алдымен аға буын қариялар жақсы болуы керек. Ал біздің дана бабаларымыздан қалған мына сөзде: «Арқаның қызыл изені-ай, басы күрдек, түбі арал, Қыдырып шалар аруана. Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана. Бір сынаған жаманды екінші рет сынама. Тіріде сыйласпаған ағайын, құм құйылсын көзіңе, өлгенде бекер жылама» деп айтылуы да бекер емес.
1994 жылы «Жуалы» көпшілік мешітінің құрылысы көпшіліктің күшімен, ауыл тұрғындарынан жиналған қаражатпен аяқталды. Келер жылы мешіттің жанынан Байтана, Құлый, және Рысбек батырлардың кесене-ескерткіштері бой көтерді. Осы тұста Әбекеңнің тағы бір сөзін айтып өткенді жөн көріп отырмын. Жарықтық Әбдікерім ата: «Байтана, Рысбек, Құли батыр бабалардың ұрпақтары, мені тыңдаңдар. Сендердің бабаларыңнан мешіттің жолы үлкен, өйткені бұл қасиетті ғибадат үйі бірінші болып салынған. Сол себепті, Алланың жердегі үйі – мешітке жәрдем беріп, жалпы имандылыққа оң қабақтарыңмен қарап жүріңдер» дейтін еді жарықтық. Алла тағала ол кісіге рақым етсін, жатқан жері жайлы болсын!
Қазақта: «Бір бала әкеден өте туады, бір бала әкеге жете туады, бір бала әкеден кете туады» делінеді. Сол айтқандай, аузы дуалы, сөзі уәлі, имандылықтың жанашыры, ауыл-аймақтың ұйытқысы бола білген ардақты қария Әбдікерім Жолдасұлының баласы Әділхан Жолдасов та көпті көрген ақылман әкенің өнегесін бойына сіңіріп өскен үлкен жүректі азамат болып қалыптасты. Ол Жуалы өңіріне белгілі кәсіпкерлердің бірі. Иә, қазір не көп, кәсіпкер көп. Бірақ олардың өз ауылына, ағайын-туысқа және имандылыққа деген жанашырлық деңгейлері қандай?! Осы тұрғыдан алып қарағанда, Әбдікерімдей текті әкеден туған ұл Әділхан атаға жете туды деп есептеуге болады.
Неге дейсіз ғой? Аудан тұрғындарының есінде болса, 2019 жылы аудан орталығындағы 33 жылдық тарихы бар «Жуалы» көпшілік мешітінің ғимараты қайта күрделі жөндеуден өткізілді. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары ауданда бой көтерген осынау құлшылық үйінің ғимаратын жанашыр азаматтардың және жергілікті тұрғындардың күшімен толық жөңдеуден өткізіп алдық. Міне, Алла тағаланың жолындағы осындай жауапты кезде жергілікті кәсіпкер азамат, Ә.Жолдасовтың ұлы Әділхан Жолдасов асыл дінімізге шынайы жанашырлық танытып, мешітте жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барлығын абыроймен атқарып, сауапты іске өзінің мол үлесін қоса білді.
Жақсының жақсылығы мен оның елге, көпшілікке тигізген пайдасын айтып, нұрын тасытатын халықтың өкіліміз. Жерлес жазушы Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда, жақсы адамдар да раушан гүліне ұқсайды. Өйткені, олар жан-жағына шапағатын шашып, адамдарға жүрек мейірімін төгіп жүреді. Осындайда жақсылықтың шынайы жаршысы, игілікті істің қолдаушысы бола білген азаматтардың жақсы қасиеттерін өнеге ретінде айтып, кеңінен дәріптесек, ешқандай артық етпейді. Мына фәни-тіршілікте ұзақ жасап, өнегелі де ғибратты дәурен сүре білген ардақты қария, ардагер азамат – Әбдікерім Жолдасұлының жас ұрпақтың тәрбиесіне және ауыл-аймақтың ауызбірлігін сақтап, оны нығайтуға, ең бастысы, Алла тағаланың хақ дінін қолдауға және оның игілігін көпшілікке насихаттау ісіне қосқан үлесі ұшан-теңіз деп аса зор сеніммен айта аламын. «Жақсыдан ат қалады» деген осы болса керек.
Асыл дінімізді ардақтап өткен жанашыр азамат, қазыналы қария – Әбдікерім Жолдасұлының фәни-тіршілікте атқарған сауапты да игілікті істерінің бір парасы міне осындай. Артынан ерген қара орман ұрпақтары, балалары мен немере-шөберелерінің өмір жастары ұзақ болып, жаманшылық көрмесін деп қасиетті Жуалы ауданы халқының атынан шын жүректен алғысымды айтамын.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ел аман, жұрт тыныш болсын деген тілекті де қоса жеткізгім келеді!
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы
Ауданның Құрметті азаматы.
аудандық билер кеңесінің мүшесі.