23-26 қараша аралығында Ыстамбұлда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының 9-шы Халал саммиті өтеді, деп хабарлайды Сабах. Халал индустриясының әлемдегі ең ірі көрмелерінің біріне әлемнің жүздеген жетекші компаниялары қатысады.
Алаңда 40 елдің өнімдері мен қызметтерін көрсететін 500-ден астам павильон орнатылады деп күтілуде. Саммитте шамамен 7 триллион долларды құрайтын келісімдер жасалады деп жоспарлануда.
«Біз алдағы бес жылда 10 триллион доллар шегіне жетуді жоспарлап отырмыз. Біздің көрме тамақ өндірісі, мейрамхана бизнесі, косметика және сән индустриясы, фармакология және туризм саласындағы жетекші компанияларды ұсынады. Исламдық банкинг саласында ұсынылатын қызметтердің саны да қарқынды өсуде», - деді Бүкіләлемдік халал саммиті кеңесінің басшысы Юнус Эте.