Дінді біз ұстараның жүзіндей өткір деп жатамыз. Расында солай. Діннің дұрыс бағытынан жаңылмай, имандылық соқпағынан табылып жатсаң, ол сенің жетістігің. Ал дін деп ойлап теріс ағымның ықпалына берілер болсаң, оның соңы өкінішті жағдайларға алып барарын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Діннің шыңына шығамын деп, шыңырауына құлап жататындарға қарап, біз бұл мәселенің қоғамда әрдайым өзекті болатынын аңғарамыз.
Темір тордың арғы жағындағы жазасын өтеушілерді теологиялық тұрғыдан сауаттандыру мақсатында бүгін 158\7 түзету мекемесіне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев және Жамбыл облысы бойынша Жат ағым бағытына жауапты маман Асқар Зәкіржанұлы арнайы барып қайтты.
Бас имам азаматтарға уағыз-насихатын айтып, турашылдыққа, иманға шақырды. Сонымен қатар тәубе, адамгершілік, Алланың мейірімі жайлы тілге тиек етіп, сұрақтарына жауап берді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі