ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫМЫЗ

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫМЫЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аллаға шүкір, 25 қазан – Республика күні мерекесі 13 жылдан кейін ұлттық мереке ретінде қайта атала бастады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деген болатын. 29 қыркүйек күні Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойып, Республика күнін ұлттық мерекелер қатарына қосты.

Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай өткен жиында Мемлекет басшысы: «Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады.

Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек» деп атап өтті.

Президентіміз айтқандай, егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау, бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер.

Біз үшін Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры саналатын, елдігіміздің бастауы саналатын Республика күнінің маңызы зор. Себебі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Осы күннен бастап болашақ тәуелсіз елдің іргетасы қаланып, елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамы жасалды. Қазақстан дербес мемлекет ретінде орныға бастады. Сондықтан бұл күнге ерекше құрметпен қарап, еркіндіктің, егемендіктің бастауы ретінде аса мән беру маңызды.

Республика күні – еліміздің игілігі, баға жетпес құндылық. Сол себепті бұл күннің мән-маңызын жас ұрпаққа көбірек дәріптеп, ұлттық рухты асқақтататын, айбынымызды асыратын іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өткен абзал. Себебі дана халқымыз айтқандай, «Отан отбасынан басталады». Әр адам өз отбасында Республика күні мерекесінің маңыздылығын айрықша атап өтсе, жастарымыз бен кішкентай ұл-қыздарымыз отаншыл болып өсетіні ақиқат.

«Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отаншылдық Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұрады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады. Отаншылдық халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және мақтан тұтуымен тікелей байланысты.

Дінімізде отаншылдық шынайы мұсылманға тән қасиет ретінде қарастырылған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деп, өзі туып өскен Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Тұрғылықты жерінде шекарасы айқындалған, мал-мүлік, ар-намыс пен сенім бостандығы қамтамасыз етілген ел – оның Отаны.

Мұсылман баласына Отанын сыртқы және ішкі жаулардан қорғау – парыз. Алла жолында, Отан үшін, дін үшін соғыста жүріп дүниеден өткен адамды «шейіт» деп атайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі түрлі көз ақыретте тозаққа күймейді. Біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – деген.

Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол Отанды қорғап, елді сүюге, тұрақты әрі бейбіт, ізгі қоғам құруға тәрбиелейді. Отаншылдық сана халықты топтастырушы рухани күш болумен қатар, оның күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Әйтеке би «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деп қоғамшыл болуға шақырған.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да, туған жерін ұмытпай, сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске ала отыратын. Мәдинаға тұрақтағаннан кейін, оның да Меккедей ыстық Отанға айналуын тілеп: «Уа, Алла! Бізге Мәдинаға Меккеде жасаған құт-берекеңнен екі есе артық береке дарыт!» деп дұға еткен. Расында да уақыт өте Мәдина Мекке секілді құт-береке қонған мекенге айналды.

Отанын, елін, жерін жақсы көру – иманнан. Дін және отан – өте қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де Отаннан қымбат ештеңе жоқ. Себебі ислам діні мұсылманға өзі туып өскен Отанын сүюге, оны қорғауға үндейді. Отанды қорғау мұсылман баласы үшін сауапты амал болып саналады. Бұған қатысты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен ризығы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады» деген.  

Отанның іргесі мықты болу үшін оның ішкі бірлігі берік болу керек. Отанын сүйген адам бүлікке емес, әуелі бірлікке қадам басады, адамдарды ауызбіршілікке шақырады. Отанын сүйген адам еліне қызмет етуді қасиетті борыш санайды. Алла Тағала Отанымызды шын сүйіп, елімізге адал қызмет етуді нәсіп етсін! Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін! Жаратушы Иеміз байтақ Отанымыз тәуелсіз Қазақстанның халқына бақ-береке бергей!

 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active