Мәуліт түні бүкіл әлемдегі мұсылман қауымы үшін Қадір түнінен кейінгі ең қасиетті күн болып есептеледі. Бұлай дейтінім, Алла тағала Қадір түні баршамызға ең қасиетті кітап Құранды түсірді. Одан кейін осы Құран кітапты бізге жеткізуші ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келді. «Мәулид ән-нәби» деп аталатын раби әууәл айының 12-не қараған түн.
Адам атадан басталатын адамдар арасындағы қарым-қатынастың Алла белгілеген тәртібі – Ұлы жаратушы заңы заманалар бойы тіршілік тұтқасы болып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Алайда адамзат тарихындағы жолдан тайып, адасушылық Жаратқан иесіне мойын ұсынбай, бас имей асқақтаушылық мысалдар аз болмаған. Сондайларға Жаратушымыз жол көрсету үшін елшілерін жіберіп те отырған. Сондай бір кезең адамзат басына 14 ғасыр бұрын тағы түскен еді.
Алла әмірі ұмытылып, сақталғанының өзі өзгеріске түсіп, бұрмаланыпты, дүниені қараңғылық пен надандық жайлап, қатыгездік күшейіп бара жатты. Міне, осы шақта Құдіретті иеміз адамдарды айқын, тура жолға бастайтын болашақ пайғамбарын дүниеге келтірді.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні бүкіл әлемнің таңға дейін аппақ болып нұрланып тұруы, отқа табынушылардың мыңдаған жылдар бойы жанып тұрған отының сөніп қалауы секілді құбылыстар адамдардың Тәңір етіп табынып жүргендерінің жалғандығының дәлеліндей адамзаттың алдынан жаңа, жарқын жол ашылғалы тұрғанының нышанындай еді. Ол жол Алланың ақ жолы, хақ жолы Ислам болатын.
Ұлы Жаратушының жер бетінде өзінің толықтырылған, жетілдірілген ақырғы кемелді заңын орнықтыру үшін оны жүзеге асырушы ретінде Мұхаммедті (с.ғ.с) таңдап, оған пайғамбарлық қасиетті дарытты. Сонымен бір қауым ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ нұрлы жол салып берген. Расулуллаһтың туған күні бүкіл мұсылман баласы үшін зор қуаныш, аса қастерлі күн. Бұл күні қалай шаттанып, қалай мақтансақ та әбден лайықты.
Мақтануымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үмметті, Алланың ақ та, хақ дінінің мұрагері екендігіміз себепті болса шаттануымызға себеп шатасып, адасқандардың емес, Жаратқанның жарқын жолының нәсіп болғандығы.
Олай болса әмір-бұйырған өзі де бұлжытпай орындап, соңынан ергендерге жол көрсетіп, үйретуші пайғамбарға жіберген үшін Алла тағалаға тәубе келтіруге, мадақ айтуға тиіспіз. Кейінгі замандарда дүниеге келетін мұсылмандардың, яғни біздің қамымызды ойлаумен кеткен о дүниеге аттанарда да Алладан соңғы өтініші өз қамы емес, қиямет күні үммітіме шапағат етсем деген тілек болған асыл жанды Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиетіне сай өмір сүруге міндеттіміз. Оның бүкіл өмірі кемшіліктен ада, күнәдан таза, пендешіліктен жоғар тұрған биік тұлғасы баршаға үлгі, қияметке дейін адастырмас тура жол салып кеткен еңбегі өлшеусіз.
Бәрімізге Алла тағала сол жолдан таймай, әміріне құлақ асып, шынайы мұсылман болып өмір сүруді бұйыртсын. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) Алла разы болсын. Мәуліт құтты болсын, мұсылман ағайын!
Сейітқазы қажы Медетбек,
«Жуалы» мешітінің имамы,
ауданның Құрметті азаматы,
аудандық билер кеңесінің мүшесі.
Жуалы ауданы