Пайғамбарымыздың (ﷺ) ұмыт болған 7 сүннеті

Пайғамбарымыздың (ﷺ) ұмыт болған 7 сүннеті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сүннет – Алла Тағалаға апаратын жол, ал сүннетті орындау арқылы біз Алла Тағалаға және Оның Елшісіне деген (ﷺ) сүйіспеншілігімізді білдіреміз. Сүннет – әрбір мұсылманның мінез-құлқы мен өмір сүру салты. Бұл жөнінде Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (33:21).

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім менен кейін ұмыт болған сүннетті жандандырса, сол мені жақсы көреді. Ал кім мені жақсы көрсе, сол менімен».

Төменде қазіргі таңда еленіп, жиі орындала бермейтін 7 сүннетті келтіреміз:

  • Ишрак намазы

Таң намазына тұру біреулер үшін оңай да жеңіл болса, енді біреулер үшін қиын іс, ал енді біреулер таң намазын жіберіп алмас үшін ұйықтамай күтіп отырады. Алайда ишрак намазын оқу көпшілік үшін әдеттегі нәрсе болып табылмайды, дегенмен, бұл Алла Елшісінің (ﷺ) маңызды сүннеттерінің бірі болып табылады. Ишрак намазының екі ракағаты басқа намаздардың екі ракағатындай оқылады. Бұл намаздың оқылатын нақты уақыты бар – Күн шыққан соң шамамен 15–20 минуттан кейін оқылады. Бұл намаз жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:

«Кімде-кім таң намазын оқып, өзгелермен бірге күннің шығуын Алланы еске алумен күтіп, сосын 2 ракағат ишрак намазын оқыса, сол адам қажылық пен умра өтегендей сауап алады». 

  • Кішкентай балалармен амандасу

Алла Елшісі (ﷺ) өз үмбетінің еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін лайықты түрде көңіл бөлген. Пайғамбарымыздың (ﷺ) балалардан қоғамның толыққанды мүшесін көріп, оларға сәлем беретіндігі келтірілген көптеген хадистер бар. Бұл бала тәрбиесіндегі тиімді әрі маңызды тәсілдердің бірі.

  • Сәждедегі дұға

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Пенденің Жаратушысына анағұрлым жақын болатын кезі – сәжде. Сол себепті сәждеде көп нәрсеге үлгеріңдер». Ал өзі сәждеде жатып жиі былай айтатын: «Уа, Алла! Мен саған сәжде еттім, Саған иман келтірдім! Менің жүзім - маған бет-әлпет берген, көрсін деп көз, естісін деп құлақ берген Жаратушымның алдында сәждеде. Бәрінен жоғары Алла Ұлы». Өзінің жақын досы Әбу Бәкірге (р.а.) Пайғамбарымыз (ﷺ) келесі дұғаны айтуға кеңес берген: «Уа, Алла! Мен өзіме қатысты көп әділетсіздік жасадым! Тек Сен ғана күнәларды жарылқайсың. Кешір мені және кешірім бергендердің қатарына қоса гөр! Мені мейіріміңе бөлей гөр! Тек Сен ғана Кешірушісің әрі Рақымдысың».

  • Жұма күні жаңа киім кию

Қазіргі таңдағы қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың киім-кешектері жеткілікті. Шүбәсіз, гигиена мен сыртқы келбет сұлулығы аса маңызды, алайда Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті бойынша жұма күнінің құрметіне арнап мерекелік таза да жаңа киім кию арқылы сіз Алла Тағалаға тағы да бір қадам жақындай түсесіз. Алла Елшісі (ﷺ): «Жұма күндеріне арнап киетін жеке киімдерің болса нұр үстіне нұр болар еді», - деп айтқандай, қасиетті жұма күндері сәнді киімдерімізді киюге тырысайық.

  • Құптан намазынан кейінгі демалыс

Адамдардың басым көпшілігіне тән нәрсе құптан намазынан бұрын ұйқыға кету, бірақ бұл әдет Пайғамбарымызда (ﷺ) болмаған. Тақуалардың анасы Айша анамыз (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) ешқашан құптан намазынан бұрын ұйықтамайтын және намаздан кейін бос әңгімелерге бой алдырмайтын».

  • Ішпен жатып ұйықтамау

Адам ұйықтағанда оң жақ бүйірімен жатып, екі алақанын бетінің астына қойып жату сүннет болып табылады. Ішпен жатып ұйықтау - Ислам бойынша рұқсат етілмеген, дұрыс амал болып саналмайды. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабалардың бірінің ішімен жатқанын көріп қалады да оған: «Ішпен жатып ұйықтау - Алла жақсы көрмейтін амал», - деп айтады.

  • Әр айда үш күн ораза ұстау

Алла Елшісі (ﷺ) (григориан күнтізбесі емес) хижра күнтізбесі бойынша әр айдың 13, 14 және 15 жұлдызында ораза ұстап отырған. Бір айта кететін жайт, Пайғамбарымыз (ﷺ) жорықтарда жүргенде де осы күндері ораза ұстап жүрген екен, бұған дәлел сахабалардың риуаяттары.  

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: