Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) Миғраж түнінен оралып, келесі күні үйінен шығып бара жатқанда иығына салып алған бір қап ұны бар бір күңді кездестіреді. Күң тоқтаусыз жылап бара жатқан еді.
- Неге сен жылайсың? – деп сұрады одан Пайғамбарымыз (ﷺ).
- Менің иман келтірмеген қожайыным мені диірменге жіберген еді. Мен өзім сырқатпын, мына қапты көтеруге әлім жоқ. Тоқтап, демалуыма тура келіп тұр. Сол себепті кешігіп бара жатырмын, келгенде ол мені ұрып тастайма деп қорқамын, - деп жауап береді күң.
Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) оған:
- Ештемеден қорықпа! Мен сенімен бірге барамын, саған тиіспесін деп айтамын. Қане, әкел андағы қапты, - деп айтады да бір қап ұнды өзінің арқасына салып алады.
- Жылдам жүрмеңізші. Менің жүруім күш болып келеді, - дейді әлгі күң.
- Менің киімімнен ұстап ал. Асықпай барайық, - дейді оған Пайғамбарымыз (ﷺ).
Олар қожайынның үйіне келіп, есігін қағады. Есіктің ар жағынан бір яһуди шығып, Пайғамбарымыздан (ﷺ):
- Бұл маңда бұрын-соңды сені ешкім көрмеген. Қандай себеппен келдің? – деп сұрайды.
Алла Елшісі (ﷺ) күңнің қандай жағдайда болғанын айтып, түсіндіріп бергенде яһуди:
- Өткен түні сен көкке көтерілдің бе? – деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (ﷺ):
- Иә, бірақ сен оны қайдан білесің? – деп сұрайды.
Сонда яһуди:
- Рақым ет, осы жерде біраз күте тұршы, - дейді де өзі тайпасының адамдарын шақыруға жүгіре жөнеледі. Халық жиналғанда, ол Тәурәтті ашып, былай айтады:
«Ақырзаман пайғамбары белгілерінің бірі – Миғраждан оралғаннан кейін келесі күні ол бір иман келтірмегенге тиесілі күңнің қабын пайғамбарлық мөрі бар арқасына арқалап алып, апарып береді».
Содан кейін ол Алла Елшісіне (ﷺ) бұрылып: «Сенің пайғамбарлығыңа толықтай көзім жетті. Бұдан ары иман келтірмей жүре беруім жарамас», - деп кәлима шәһәдатты айтады. Сол жерде тұрған адамдардың бәрі де иман келтіріп, мұсылман болады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) осынау бір көркем амалының арқасында жүздеген яһуди ислам дінін қабылдаған оқиға осы болатын.
«Пайғамбарлар тарихы» кітабынан.