Өзінің ұлықтығының мәңгі екендігін білдірген Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Пенделері бұл дүние және ақырет бақытына жетуі үшін жіберген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға және әһлу бәйтіне Алланың сәлемі мен ігіліктері болсын. Барлық нәрсеге тіршілік пен өмір берген Жаратушымыз "Әли Имран" сүресінінің 185-ші аятында:
«Әрбір жан иесі өлімді (ащылығын) тартады", - деген. Бұл жағдайды бастарынан өткеретіндер 3 түрлі топтан тұрады. Олар: Адамдар, періштелер, құрлықта және суда тіршілік жасайтын хайуанаттар.
Адам қайтыс болғаннан кейін оның тіршілігі де тоқтайды. Ақырет өмірі басталады. Ақырет өмірі де 3 бөліктен тұрады: 1.Қабір әлемі. 2.Қиямет күніндегі өмір. 3.Жәннат және тозақ әлемі.
Өлім бұл ақиқат, үлкен-кіші, бай-кедей, әлді-әлсіз демей барлығы да ажалы жеткен күні бұл өмірмен қоштасады. Бұл өмір мен ақырет әлемі арасындағы, өлгеннен кейін қиямет күніне дейінгі аралықты "барзақ әлемі" дейді. Алла Тағаланың әмірімен Исрафил періште екінші рет сұр үрлегеннен кейін барлық жанды иелері, әсіресе адамдар қайта тіріледі. Олардың түпкі денелеріне рухтары қайтарылады және олар қабірлерінен шығып Махшар алаңына жиналып, есепке тартылады.
Өлім дегеніміз - дүние тіршілігіндегі өміріміздің соңғы нүктесі қойылып, ақырет күнінің басталуын білдіруші сондай бір мезет, яғни сәт. Мүмін адамға өлгеннен кейін қайта тіріліп, махшар алаңында жиналуы, жасаған әрбір жақсы-жаман амалдарынан есеп беретініне сенуі уәжіб болып саналады. Сенбеген күпірлік жасаған болып саналады. Амалдар Мизан таразысында тартылады. Әділдік таразысы тіпті шаңның салмағындай амалдың да нәтижесін көрсетеді. Имандылар, ізгі амал жасағандар мәңгілік мекен болған жұмаққа кіреді. Имансыздар, тәубе етпегендердің барар жері тозақ болып белгіленеді.
Қайта тірілуге қатысты Құран Кәрімде келген мына бір мысалдан да байқауымызға болады. Мысалда Алла Тағала үңгірде 309 жыл қалып кеткен үңгір иелері оқиғасын баяндайды, әңгіме түсінікті болу үшін әуелі Кәһф сүресінің 9 аятына зер салып көрелік: (Мұхаммед Ғ.С.) үңгірдегілерді және жазуды, таңырқарлық белгілерімізден деп ойладың ба? (Кәһф, 9)
Тәпсіршілердің жеткізуінше, үңгір иелерінің қиссасы былай болған екен: Иса пайғамбардың дәуірінен кейін Рум елдерінің бірінде Дақиянұс есімді бір патша адамдарды пұттарға сыйынуға бұйырады, бой ұсынбағандарын тіпті мәжбүрлейді, көнбесе өлім жазасы, яғни бастарын алған. Күндердің бір күнінде патшаға бір топ жігіттердің патша бұйрығына мойұнсынбай жатқандығы жайлы хабар жеткізіледі. Патша оларды өз сарайына шақыртып, анық-қанығын сұрайды. Жігіттер: "Біз бір Алладан басқаға сиына алмаймыз", деп жауап береді. Сол кезде патша: "Байқап қарасам, сондай жас, әрі бойларыңда күш-қайраты бар жігіттер көрінесіңдер, өз жандарыңа өздерің қиянат жасамаңдар. Мен сендерді өлтіруге көзім қимай тұр. Ең дұрысы, ертеңге дейін жақсылап ойланып, маған жауабын айтыңдар, пұттарға табыныңдар!", - деп қайтарады.
Жігіттер өзара ақылдасып, "Алладан өзгеге сиынғанша, бұл өлкемізді тастап кеткеніміз абзал іс" деп түн қараңғысында қаладан шығып кетеді. Жолда жаяу кетіп бара жатқанда, оларға жолдан осы жігіттер шамалас бір шопанның иті де қосылады. Таңға жақын бір тауға жақындап, тау ішінде үлкен үңгірге келіп жасырынады. Жаратушы Алла Өзінің иманды құлдарын әркез қорғаушы емес пе, имандарына берік болған жігіттерді ұзақ ұйқыға жібереді. Ұйқыларынан оянғанша арадан үш жүз жыл өтіп кетеді. Бұл жағдайдан бейхабар жігіттер бір күн не жарты күндей ұйықтадық деген ойда болып, араларынан біреуін ел көзіне көрінбей жегенге азық әкелуге жібереді. Ол жігіт базарға барып, тағамдар сатып алып, өзіндегі ақшаны ұзатқанда сатушы қайран болып: "Бұл Дақиянұс патшаның дәуіріндегі ақшалар ғой, бір жерден қазына тауып алып па едің?" деп сұрайды. Жігіт аң-таң болып "Ешқандай да байлық тауып алғаным жоқ, бұл халықтың күнделікті қолданыста жүрген ақшасы", деп жауап береді. Дақиянұсқа не болғанын сұрайды. Маңайына лезде топтала жиналып кеткен халық Дақиянұстың әлдеқашан өмірден озып кеткендігін айтып, жігітті патшаның алдына апарады. Бұл патша иманды мүміндердің қатарында еді. Жігіттен өзі және жанындағы достарының бастарынан кешкен оқиғаларын естіген соң, әскерлерімен, халқымен бірге әлгі үңгірге барады. Іштегі жігіттер Дақиянұс алып келді деп ойлап, дереу соңғы рет болса Аллаға ғибадат жасап қалуға талпынады. Патша және оның адамдары үңгірге кіріп, олардың ғибадат жасап жатқан сәттерінің үстерінен түседі. Намаздарын оқып болған соң патша олардың әрбірімен құшақтасып көрісіп, олардың бастарынан кешкендерін Алла Тағаланың қиямет күні адамдарды қайта тірілетініне үлкен дәлел екендігін айтады. Жоғарыдағы және төмендегі аяттар міне осы "Үңгір Иелері" жайында түсірілген. Сонау заманда жігіттер үңгірге бекінді де: “Раббымыз! Бізге өз қасыңнан игілік бер! Біз үшін бұл ісімізде тура жол әзірле” деді. (Кәһф, 10) Сонда олардың құлақтарына үңгірде неше жыл бойы перде қойдық. (Кәһф, 11) Сосын екі жақтың қайсысы олардың жатқан мезгілін есептегендігін анықтау үшін оларды ояттық. (Кәһф, 12)
Алла Ұлық! Алла оларды сонша жылдар бойы ұйықтатып, кейін адамдарға Өзінің әр нәрсеге құдыреттілігін көрсетіп қою үшін қайта тірілтті.
Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, Алланың әмірімен жан мен тән ақыретте қайта қауышады.
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Луговой ауылы
Рысқұлов ауданы