САЛАУАТ АЙТУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

САЛАУАТ АЙТУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Құранның «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Шын мәнінде, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады (Алладан – рақым, періштелерден – жарылқау, дұға). Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған (Пайғамбарға) салауат пен саламаттылық тілеңдер»! – деген. Алла Тағала Өзінің ұлықтығымен, саны жоқ періштелердің Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуының және иман келтірген мүминдерге де салауат айтуға бұйырудың сыры неде?

Біріншіден, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мадақтап, Алла Тағаланың алдындағы абыройын жоғарылатып, артықшылықшылығын көрсету әрі оның дінін басқа діндерден үстем ету. Алла Тағала «Сафф» сүресінің 8-аятында: «Олар (сол залымдар) Алланың нұрын ауыздарымен (тілдерімен) өшіруді қалайды. Алайда Алла кәпірлер жек көрсе де, Өзінің нұрын тәмәмдайды», – дейді.

Екіншіден, қанша уақыт өтсе де Пайғамбарымыздың есімі, дәрежесі халық арасында жоғары тұруы үшін. Алла Тағала «Шарх» сүресінің 4-аятында: «Әрі естелігіңді есіміңді биіктетпедік пе?» – дейді.

Үшіншіден, біздің салауат және сәлемдеріміз Оған көрсетіледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Күндердің ең абзалы – жұма күні. Бұл күні Адам атамыз жаратылған және осы күні дүниеден өткен. Қиямет те осы жұма күні болады. Жұма күні маған салауат айтуды көбейтіңдер. Өйткені сендердің салауаттарың маған көрсетіледі», – деген.

Төртіншіден, кім Пайғамбарға салауат айтса, Алла Тағала ол адамға салауат айтады. Кім Пайғамбарға сәлем берсе, Алла Тағала ол адамға сәлем жолдайды. Хадисте: «Бір күні Алла елшісінің жүзінен қуаныш байқалады. Сол кезде сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» – деді». Мен: «Әрине, разы боламын»,– деп жауап бердім», – деген.

Бесіншіден, Алла Тағала Пайғамбарымызға салауат айтқан адамның қателіктерін кешіріп, дәрежесін көтереді. Хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді», – делінген. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтудың біз білетін, білмейтін көптеген артықшылығы бар. Сондықтан қандай уақыт болсын салауатты көптеп айту – мұстахаб амал. 

Салауат айтудың түрлері көп. Жоғарыдағы аят түскенде бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Саған салауатты қалай айтамыз деп сұрағанда, осы салауатты айтқан: «Аллаһуммә солли алә Мухәммәд, уә ғалә әәли Мухаммәд, кәмә солләйтә ғалә Ибраһим иннәкә хамидум мәжид. Уа бәрик ғалә Мухаммәд уа ғалә әәли Мухаммәд, кәмә бәәрәктә ғалә Ибраһим иннәкә хамидум мәжид».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздің салауатымызға мұқтаж емес, бәлкім салауат айтуға біз мұқтажбыз. Өйткені Пайғамбарымызға салауат айту арқылы пенде сауапқа кенеледі. Алла Тағала ол пендеге рахметін төгіп, күнәсін кешіріп, дәрежесін көтереді, қайғысын сейілтіп, ризығын арттырады. Салауат айтумен басталып, салауат айтумен аяқталған дұғалар қабыл болады. Салауат айту арқылы пенде қияметте Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жақын адамдардың бірі болады. Хадисте: «Маған Қияметте ең жақын болатын адам – маған көп салауат айтқан адам», – делінген. Ғалымдарымыз айтқандай, Пайғамбарымыз – адамзаттың асылы, жұма – күндердің мырзасы. Сондықтан жұма күні айтылған салауаттың сауабы басқа уақытта айтылған салауаттан артық болады. Алла Тағала баршамызды Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтатын, Қиямет күні Алла елшісіне ең жақын болатын адамдардың қатарынан еткей! Әмин!

Медет ҚҰРСАҚОВ,

«Иман» журналы, №9, 2023 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: