Дін дұшпандарымен шайқас қызып жатқан шақ еді. Кеш батып, күн ұясына батқанан соң ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бүгін күзетке кім тұрады?» - деп сұрайды. Мұһажирлер мен ансарлар арасынан екі жігіт шығып: «Уа, Алла Елшісі, біз тұрамыз. Сіздер алаңдамай тынығыңыздар», - дейді. Ел тегіс жатқаннан соң, ансарлық жігіт тұрып: «Сен біраз көз іліп ал, мен қарай тұрайын, Сосын ауыса жатармыз», - дейді.
Мұһажир бұған келісіп, сойыл-шоқпарларын қасына жатқызып, тынығуға кірісті. Біраздан кейін күзеттегі жігіт: «Осы тыныштықты пайдаланып намаз оқып алсам қайтеді?» - деп нәпіл намазға тұрады. Сол сәтті аңдып жатқан зымиян жаулардың бірі осыны байқап, қарауыл жігітке оқ ата бастайды. Бір оқ тиді, жігіт міз бақпай тұра берді, екінші оқ тиді, намазын жалғастыра берді. Үшінші оқ денесіне дарығанда, сәжделерін аяқтап, намазын тәмамдады.
Ең соңғы әлін жинап, «Әй, досым, тұр!» деп қасындағы жолдасын оятты. Атып тұрған серігі айналасына қарап, мән-жайды толық аңғарды. Өлімші халдегі досына қарап: «Уай, Құдайдың құдіреті-ай! Неге ертерек тұрғызбадың. Бірінші оқ тиген бетте: «Тұр!» десең болмас па еді? Мұның не?» дейді. Сонда досының жан тапсырар алдында айтқан сөзі: «Намазда қырағаттың дәл ортасында едім. Соны үзгім келмеді. Әттең, Пайғамбарымыздың (ﷺ) тыныштығын ойламасам, жан-тәніммен сүйетін намазды қысқартпас едім!».