Саид ибн Мүсәйяб – хадис, тәпсір, фиқһ ілімі дегенде табиғиндер арасынан ең алдымен еске түсетін кісі.
Саид ибн Мүсәйяб 15-20 жастарында-ақ пәтуа бере бастаған. Сахабалар (р.а.) оған қайран қалатын әрі батасын беретін. Бірде Абдулла ибн Омар (р.а.) оған таңғалып: «Алла Елшісі (ﷺ) бұл жігітті көргенде қатты қуанар еді», – деп бағалаған екен.
Өмірінде елу жыл бойы бірде-бір рет жамағатсыз намаз оқымаған. Ол бұл жайлы: «Тура елу жыл бойы намазда имаммен қатар тәкбір алдым», – дейді.
Мәдина әкімі Хишам күн сайын Саид ибн Мүсәйябтың арқасына дүре соққызатын, өйткені ол Әмәуи әулетінен Уәлидке мойынсұнбаған еді. Мәсрук, Тауыс секілді табиғиннің үлкен имамдары: «Тіліңмен болса да мойынсұнғаныңды айтып бұл бәледен құтылсаңшы», – деп кеңес берсе де Саид: «Халық бізге қарайды, біз не істесек, соны істейді. Өзімнен гөрі солардың жағдайына көбірек алаңдаймын», – деп алған бетінен қайтпаған екен. Біздің заманымызда да осындай тақуа жандар көп болса етті...