Бірде сахабалардың бірі дін жолында жиһадқа шыққысы келетінін, бірақ қолының қысқа екенін айтып өкініш білдіреді. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Үйдегі әке-шешең тірі ме еді?» – деп сұрайды. Ол: «Иә, шешем тірі», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ендеше, үйдегі шешеңді жақсылап күт. Анаңның көңілін тауып, ризашылығын алсаң, қажылық пен умра жасағандай сауапқа кенелесің. Дін жолында күрескен мүжаһидтің сауабынан да құр қалмайсың», – деп оны үйіне қайтарған екен. Шал ақынның:
"Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Атаң менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші", – деуі осыдан шықса керек...