Имран ибн Хұсейін (р.а.) келтірген хадисте былай келтірілген: «Басқа сахабаларға қарағанда Пайғамбарымыз (ﷺ) маған ерекше ілтипатпен қарайтын. Бір күні маған: «Әй, Имран, саған ерекше құрметпен қарайтынымды білесің, менімен бірге қызым Фатиманың қалын сұрап үйіне кіріп шығуға қалай қарайсың?» – деді. Мен бұған қуанып: «О не дегеніңіз?! Сіздің жолыңызға жаным пида», – дедім.
Екеуміз іле орнымыздан тұрдық. Фатиманың (р.а.) үйіне барғанда, алдымен есікті қақты. Сөйтті де естірте сәлем беріп: «Ішке кіруге бола ма?» – деп сұрады. Іштен «Уа, Расулалла, келіңіз» деген дауыс естілді. «Қасымдағы жолдасыммен бірге кіре берейін бе?» – дегенде, Фатима (р.а.): «Ол кісі кім?» – деп сұрады. «Имран» дегенді естігенде, Фатима: «Уа, Расулалла, үстімде бір жамылғы ғана бар», – деді. Пайғамбарымыз есіктен қолымен көрсетіп, оны қалай жамылғанының дұрыс екендігін білдірді.
Хазірет Фатима (р.а.): «Басыма не салам?» – дегенде, Пайғамбарымыз (ﷺ) беліне байлаған орамалын шешіп берді. Осыдан кейін барып рұқсатпен ішке кірдік. Пайғамбарымыз (ﷺ) қызымен амандасып, «Таңды қалай атырдың?» – деп сұрады. Хазірет Фатима (р.а.): «Алламен ант етейін, таңды қиналыспен әрең атырдым. Үйде тіске басар ештеңенің жоқтығы да арқама аяздай батуда. Қатты ашықтым», – деді. Мұны естігенде Алла Елшісінің (ﷺ) көзі жасаурап: «Балам, шыда. Ант етейін, үш күннен бері мен де ашпын. Алланың жанында менің дәрежем сенен әлдеқайда биік. Егер сұрасам, Алла маған азық жіберер еді. Алайда мен бұл дүниені емес ақыретті таңдадым», - деді. Сөйтті де қызының иығынан қағып: «Саған сүйінші хабар айтайын, сен Жұмақтық әйелдердің алдысың», – деді. Хазірет Фатима (р.а.): «Перғауынның әйелі Әсия мен Мәриямның дәрежелері қандай?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Әсия мен Мәриям өз дәуіріндегі әйелдердің, сен де өз дәуіріндегі жұмақтық әйелдердің биік санаттарын иелендің. Үшеуіңнің де Жұмақта сарайларың болады. Ол жерде қайғы-қасірет, жылау, қиналыс жоқ. Көкемнің баласы хазірет Әлидің кедейлігіне cабыр ет. Алламен ант етейін, мен сені екі дүниенің де мырзасы атанған күйеуге бердім», – деген екен».