الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз Исламда мұсылман адамның білім алып, оған амал етуінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында:
اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ .
«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді үйретті», – деп, оқуға бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аяттар). Бұл аяттардан оқу, білім алу дініміздің ең басты талаптарының бірі екенін ұғынамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенімен амал етіп, өзгелерді де үйретуге шақырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын):
طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ
«Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай тәлімін көрген саңлақ сахабалар білімнің маңызын ерекше бағалап, оны бәрінен артық қоя білді.
Бір күні атақты сахаба Ибн Аббасқа (Алла оларға разы болсын) Басра қаласынан арнайы келген бір жолаушы: «Дүние артық па, әлде білім артық па?» – деп сұрайды. Сонда Ибн Аббас (Алла оларға разы болсын): «Білім артық», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Оны қалай дәлелдейсің?» – дегенде, Ибн Аббас (Алла оларға разы болсын): «Дүние – перғауындардың мирасы, ал білім – Пайғамбарлардың мирасы. Дүниені Алла Тағала кез келген құлына береді, білімді тек сүйген құлына ғана береді. Дүниені жұмсасаң, таусылып қалады. Ал білімді қанша жұмсасаң да таусылмайды, керісінше арта түседі. Дүние жиған адам қияметте қайдан алып, қалай жұмсағаны жайлы сұралады. Бірақ білімді адам қияметте білім алғаны үшін де, оны жұмсағаны үшін де мол сауапқа кенеледі», – деп жауап берген екен.
Расында Алла Тағала білім иелерінің дәрежесін көтеріп, аятта былай деген:
يَرْفَعِ اللهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ
«Алла сендерден сондай иман келтіргендердің және ғылым берілгендердің дәрежелерін көтереді» («Мужадәлә» сүресі, 11-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
منْ سَلَكَ طَريقًا يَبْتَغِي فِيهِ علْمًا سهَّل اللَّه لَه طَريقًا إِلَى الجنةِ، وَإنَّ الملائِكَةَ لَتَضَعُ أجْنِحَتَهَا لِطالب الْعِلْمِ رِضًا بِما يَصْنَعُ، وَإنَّ الْعالِم لَيَسْتَغْفِرُ لَهُ منْ في السَّمَواتِ ومنْ فِي الأرْضِ حتَّى الحِيتانُ في الماءِ، وفَضْلُ الْعَالِم عَلَى الْعابِدِ كَفَضْلِ الْقَمر عَلى سَائِرِ الْكَوَاكِبِ، وإنَّ الْعُلَماءَ وَرَثَةُ الأنْبِياءِ وإنَّ الأنْبِياءَ لَمْ يُورِّثُوا دِينَارًا وَلا دِرْهَمًا وإنَّما ورَّثُوا الْعِلْمَ، فَمنْ أَخَذَهُ أَخَذَ بِحظٍّ وَافِرٍ.
«Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығы секілді. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирхам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді», – деп айтқан (имам Тирмизи).
Қисса
Бірде Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Мәдина көшесінде кетіп бара жатып, көшеде жүрген жамағатқа:
– Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирасын бөлісіп жатыр. Сендер мұнда уақытты босқа өткізіп жүрсіңдер. Пайғамбарға барып, сол мирастан үлестеріңді алмайсыңдар ма? – дейді. Олар:
– Қайда бөлісіп жатыр? – деп сұрағанда Әбу Һурайра:
– Мешітте бөлісіп жатыр, – деп жауап береді. Адамдар мешітке бет алып, артынша қайтып келеді. Әбу Һурайра олардың қайтып келгенін көріп:
– Не болды? – деп сұрайды. Олар:
– Біз мешітке бардық, бірақ сен айтқандай бөлісіп жатқан ештеңе көрмедік, – деп жауап қатады. Сонда Әбу Һурайра:
– Сендер мешітте ештеңе көрмедіңдер ме? – деп қайта сұрайды. Олар:
– Иә, бірнеше адам көрдік, біреулері намаз оқып жатыр, біреулері Құран оқып жатыр, біреулер халал мен харам жайында тартысып жатыр, – дегенде Әбу Һурайра:
– Пайғамбардың мұрасы деген сол ғой, – деп жауап берген екен (Табарани риуаяты).
Расында Білім иесі адамдарға дүниеде және ақыретте пайда беретін бар жақсылықты үйреніп, үйретеді. Жерде дәнді-дақылдар өсуі үшін жаңбырға мұқтаж болғаны сияқты Адам баласы да сол сияқты білімге мұқтаж.
Имам Ахмад бір сөзінде: «Адам тамақты күніне 1-2 мезгіл ғана қажет етеді, ал білім әрбір алған тынысыңда қажет», – деген екен.
Білім алуға ықылас қойып, оған амал етуді көздеген адам мынадай амалдарға мән беруі қажет:
Адам баласы алған білімін қанағат тұтып тоқтап қалмай, өмірбақи ізденіп, даму үстінде болуы қажет. Сол себепті де бұрынғы өткен даналардан: «Екі адам тоймайды. Бірі – дүние іздеген адам, ал екіншісі – білім іздеген адам», – деген сөз қалған. Халқымыздың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов:
Оқу, білім – жанған шырақ, ойласаң.
Үйренерсің, іздеп көрсең, қоймасаң.
Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң, – деген.
Бұрынғы өткен ғалымдар білімсіз өткен күнін бос өткен күн деп түсінетін болған. Сол себепті де олар әрбір атқан таң мен батқан күннің арасын бос жібермеуге талпынып, пайдалы білім алуға тырысатын.
Бірде Имам Ахмадтың қолына қалам мен сия сауыт ұстап, өз заманындағы бір ғалымның дәрісінен шығып келе жатқанын бір кісі байқап қалып: «Уа, құрметті имам! Сіз білімнің шыңына жеттіңіз емес пе? Әлі күнге дейін бір қолыңызға қалам, бір қолыңызға сия сауыт ұстап жүргеніңіз қалай?» – деп таңданып сұрайды. Сонда имам: «Мен бұл сиясауытты қабірге барғанға дейін арқалап жүремін», – деп жауап қатқан екен.
Ахмед Иүгінеки бабамыз: «Білген адам білімді өмір бойы іздейді», – деп айтқанындай, мұсылман адам өмірбақи үйреніп, білім алуға тырысып, білім тұрғысынан бір күні мен екінші күнінің тең болмауына аса мән беруі қажет.
Қисса:
Шейх әл-Андалуси деп аталып кеткен Бақи ибн Махлад атты ғалым болған. Бұл кісі өмірінің 34 жылын білім алу үшін сапарда өткізген. Әрі ешуақытта мініс көлігіне отырмай, жаяу жүрген. Ол имам Ахмадтан хадис үйрену үшін, Андалусиядан Бағдатқа сапар шегеді. Екі жердің арасы шамамен 6000 шақырым. Осынша ұзақ жол жүріп, Бағдатқа жеткенде, имам Ахмадқа муғтазилалықтардың себебінен хадис риуаят ету тыйым салынып, үй қамақта отырғанын естиді. Үмітін үзбей, Имам Ахмадтың үйін сұрастырып, барып сәлем беріп, өзінің алыс елден келгенін айтады. Сонда Имам: «Сен Тарабулустан келген боларсың?» – деп сұрайды. Бақи: «Жоқ, одан да алыс жерден келдім», – дейді. Имам Ахмад оның білімге деген құштарлығына разы болып: «Мен саған қуана білім беретін едім, бірақ қазіргі жағдайымды көріп тұрсың, қажетіңді өте алмаймын», – дейді. Бақи Имам Ахмадқа мынандай ұсыныс жасайды: «Онда мен сіздің үйіңіздің алдына күнделікті қайыршы адамның кейпінде келіп, нан сұрайын. Сіз маған бір тілім нан беріп, екі хадис үйретіп жіберсеңіз болғаны, менің сапарым текке кетпейді», – дейді. Имам Ахмад оның бұл айтқанына келісіп, бірақ, білім беріліп жатқан жерлерге бармауын, әйтпесе одан сезіктенуі мүмкін екенін ескертеді. Осылайша екеуі келісімге келеді. Бақи мұқтаж адамның киімін киіп, күнде имам Ахмадтың есігінің алдына барып, бір тілім нан алып, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі хадисін жаттап жүреді. Имам Ахмад үй қамақтан босағанынша Бақи бірнеше жыл осылай білім алған екен. Кейін имам Ахмадқа дәріс беруге рұқсат етілген уақытта Бақи ибн Махладты әрдайым өзінің оң жағына отырғызып, шәкірттеріне: «Егер шынайы білім ізденуші болғыларың келсе, Бақи сияқты болыңдар», – деп оны үлгі етіп отырған екен.
Білім алуды көздеген адам білмегенін ешуақыт білім иесінен үйренуге, сұрауға арланбауы қажет. Алла Тағала Құранның «Нахыл» сүресі, 43-аятында:
فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنْتُم لاَ تَعْلَمُونَ
«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп айтқан.
Адам баласы том-том кітаптардан іздеп таппаған құнды мағлұматтардың жауабын білетін адамнан сұрап, үйрену арқылы әп-сәтте-ақ біліп алуы мүмкін. Төле би бабамыз:
Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді, – дейді.
Халқымызда «Ұстаз көрген» дейтін аталы сөз бар. Бұл сөз білімді адамның қасында болып, тәлімін үйренген адамға қолданады. Өйткені ұстаздың қасында болып, тікелей қарым-қатынас жасап, оны үлгі тұтып, үйренген білімнің шарапаты мол. Жәбірейіл періштенің Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам кейіпінде келіп, «Ислам», «Иман» және «Ихсан» жайында сұрағаны баршамызға белгілі. Хадисте Жәбірейіл періштеге қатысты:
فَأَسْنَدَ رُكْبَتَيْهِ إِلَى رُكْبَتَيْهِ وَوَضَعَ كَفَّيْهِ عَلَى فَخِذَيْهِ
«Ол (Пайғамбарымыздың) тізелеріне тізелерін тигізіп, (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойды», – деп айтылған.
Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) сұрақ қоярдың алдында бұлай отыруының өзіндік мәні бар. Ғалымдарымыз бұл хадистен ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынас әдебі көрсетілгенін айтқан. Яғни шәкірт ұстазымен қаншалықты жақын болса, соншалықты оның бойына білімнің, тәлім-тәрбиенің сіңуіне ықпал етеді. Сондықтан да білімді сүйген адам білім иесін де жақсы көріп, оны құрмет етіп, тәлімін үйренуге тырысады. Абай Хакімнің:
Болмасаңда ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болу қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп айтқан сөздерінде біз үшін үлкен өнеге бар.
Кезінде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Бәни исраил қауымына өте әсерлі бір уағыз айтқан екен. Сонда адамдардың арасынан бір кісі: «Адамдардың ішіндегі ең білімдісі кім?» – деп сұрақ қояды. Сол кезде Мұса: «Адамдардың ең білгірі – менмін», – деп жауап қатады. Алайда, Алла Тағала оған: «Екі теңіздің қосылған жерінде сенен де білімдірек құлым бар», – деп уахи етеді. Сол кезде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қасиетті Құранда айтылғанындай:
لَآ أَبْرَحُ حَتَّىٰٓ أَبْلُغَ مَجْمَعَ ٱلْبَحْرَيْنِ أَوْ أَمْضِىَ حُقُبًا
«Екі теңіздің қосылған жеріне дейін тоқтамаймын. Немесе жүріспен жылдар өткіземін», – дейді. Бұл аят бізге білім алуға деген құштарлықтың, үйренуге деген талап-талпыныстың қаншалықты деңгейде жоғары болу керектігін үйретеді.
Үшінші: Білім жолында кездесетін қиыншылықтарға сабыр ете білу
Ілім талап етуші ілім талап ету жолында әрбір сынақтар мен қиынышылықтарға сабыр ете білуі керек. Қасиетті Құран Кәрімде Мұса пайғамбардың Алла тарапынан ерекше ілім берілген таңдаулы құлына тура жолға бастайтын ілім мен даналықты үйренуге сапар шеккендегі көрген қиынышылығы жайында былай баян етеді:
فَلَمَّا جَاوَزَا قَالَ لِفَتَىٰهُ ءَاتِنَا غَدَآءَنَا لَقَدْ لَقِينَا مِن سَفَرِنَا هَـٰذَا نَصَبًۭا
«Екеуі ілгерілеп барған кезде, Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) жолдасына «Түскі асымызды әкелші, бұл сапарымызда кәдімгідей шаршап қалдық қой», – деді» («Кәһф» сүресі, 62-аят). Расында ілім сапары қиындықсыз болмайтындығы анық. Кімде-кім осы қиыншылықтарға сабыр ететін болса, онда ол дүниелік ләзаттардан да артық рақатты сезеді.
Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) шәкірті Әбу Юсуфқа: «Он жылдап кәсіпсіз, азықсыз ғұмыр кешсең де, білімнен сырт айналып кетпе! Білімнен сырт айналсаң, өміріңнің, тұрмысыңның ауыртпалығы арта түседі. Білімге деген қызығушылықты арттыру үшін әрбір шәкіртті балаңдай көріп, білім беруге күш сал! Алған біліміңнің дүниеде және ақыретте қызығын көремін десең, жақсылықтан қол үзбе! Талабың таудай болсын! Себебі талабы кішірейген адамның мәртебесі де төмендей береді», – деп өсиет айтқан.
Төртінші: Алған білімді өзгелерге үйрету
Адамның оқығанын өзгелермен бөлісу, адамдарға үйретуінің де маңызы үлкен. Себебі үйрету арқылы адам білгенін өз бойына одан әрі сіңіріп, білімінің бекуіне ықпал етуімен қатар өзгелердің де білмегенін білуіне себепші болады. Ардақты Пайғарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ القُرْآنَ وَعَلَّمَهُ
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген хадисінің бір мағынасы осы (имам Термизи).
Ислам діні әр нәрсенің зекеті бар екенін ескерту арқылы әркімге өз мүмкіндігі жеткенінше қоғамдық істерге атсалысу керектігін ұқтырады. Дәулеттілер түрлі қайырымдылық шараларға ұйытқы болу арқылы халықтың әл ауқатының артуына жағдай жасауға міндеттелсе, білімділердің зекеті – білгенін басқаларға үйрету.
Шал ақын: «Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – десе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса. Үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса», – деп, білгенін өзгелерге үйретуге шақырған. Сондай-ақ геолог-ғалым Қаныш Сатпаев: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», – деген. Дінімізде адамның өзгелерге үйретіп кеткен пайдалы білімі ешуақытта тоқтамайтын сауап деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا مَاتَ الإنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلاَّ مِنْ ثَلاثَة: إِلاَّ مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Адам дүниеден өткенде, оның үш амалынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар – үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салиқалы ұрпақтың оған (ата-анасына) арнап жасайтын дұғасы», – деп айтқан (имам Мүслим).
Ендеше, Махмұд Қашқаридың: «Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар», – деген сөзін әр адам қаперінде ұстап, оқып, үйреніп, білгенін өзгелерге үйрету арқылы ғибратты із қалдыруға тырысуы қажет.
Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз бізге:
Қайтадан қайрылып, қауымға келмейсiң.
Барыңды, нәрiңдi, тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң –
Шын бақыт‚ осыны ұқ, мәңгiлiк өлмейсiң! – деп насихат қалдырған.
Құрметті жамағат!
Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласын сауатты ететін Алла Тағаланың берген үлкен сыйы. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аятының білім алудан басталуы жайдан-жай емес. Өйткені білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Сондықтан ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы да білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма, ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20 рет, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық қолданылады.
Білімнің қадірін түсінген ата-бабамыз: «Өнер – ағып жатқан бұлақ,
Ілім – жанып тұрған шырақ», деп білімді бейне қараңғы түнектен алып шығатын жарыққа балаған. Білім иесінің екі дүниеде де дәрежесі жоғары болмақ.
Үлкендік екі түрлі себеппен болады. Оның бірі адамның қанша өмір сүргендігіне қатысты жасының үлкендігі болса, екіншісі – алған білімінің үлкендігі. Сол себепті де Хакім Абай:
Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,
Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.
Құр жасы елулерге келсе-дағы,
Бiлiмсiз сондай жанды бала деп бiл, – деген.
Қорыта айтқанда, ілім алу екі дүниеде де бақытқа жетелейін жол. Оның ең басты шарты шынайы ықлас пен ізгі ниетте болу. Өйткені ілім – бітпес қазына.
Алла Тағала баршамызға екі дүниемізге пайдалы білім беріп, соған амал етуімізді нәсіп етсін! Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі