ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІН КӨШБАСШЫЛАР СЪЕЗІ

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІН КӨШБАСШЫЛАР СЪЕЗІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Он сегіз мың ғаламды жаратқан Раббымыз адам баласын әр түрлі ұлт пен ұлысқа бөліп, мына әлемнің әр бұрышына қоныстандырды. Бұл әлемдегі барлық адам бір атадан өніп-өссе де, әр ұлт өз тілін, өз дінін, өз дәстүрін бекітіп, ұлттық ерекшеліктерін қалыптастырды. Қай ұлт болмасын, өз елінде бейбітшілік пен тыныштық орын алған заман болғанын қалайды. Қазақ халқымыз да тұрақтылық пен бейбітшілікті аса қатты бағалап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күн» деп сипаттаған.

Қазіргі таңда қол жеткізген бейбітшілік пен бірлігіміз бірінші Алла, екінші, әрдайым татулыққа қарай ұмтылып тұратын халқымыздың даналығының арқасы десем артық айтқаным емес. Өйткені, тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстан өзінің аясына өзге ұлт өкілдерін сыйғызған көңілі кең халық. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген ұстанымы бар халқымызда «өзге ұлт, өзге дін» деген бөлінушілік жоқ. Керісінше, тек бейбітшілік пен бірлікке ұмтылуды байқауға болады. Соның бір дәлелі, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен басталып, әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылар съезін» атауға болады.

Осымен, жетінші мәрте ұйымдастырылған съезде бүкіл жер жүзіндегі діндердің басшылары бас қосып, қазіргі таңдағы дін әлеміндегі ең үлкен мәселелерін, жалпы адам өмірінің құндылықтарын, сенімдерін құрметтеу, теңдік пен әділдік, татулық аясында қарым-қатынас жасау, дінаралық келісім мен татулықта алға ұмтылу жолдарын қарастыру секілді мәселелер талқыланып отырады. Әр ұлт өкілі ынтымақтастықта және бейбітшілікте өмір сүруге деген ортақ ұмтылыстарын білдіреді.

Әр ұлт өз дінімен, рухани құндылықтарымен ерекшеленеді. Осы ерекшеліктеріне қарамастан әлем бойынша дінаралық бірлікті қалыптастыру орасан зор еңбекті талап етеді. Қандай мәселе болмасын  жан-жақты көзқарас барына қарамастан, әр діннің құндылықтарына сыйластықпен қарап, ортақ үстел үстінде мәселенің түп тамырын тауып, шешудің түрлі жолдарын іздеу арқылы шешілетіні сөзсіз. Әр мәселені бірігіп отырып шешуге тырысу, яки көзқарастарын бір арнада тоғыстыру әрқашан ауызбіршілікке, түсіністікке алып келетіні кәміл. Бұл съездің де мақсаттарының бірі осы. Қандай жағдай болмасын әр дін өкілі бір-бірін жалғыз қалдырмай, татулықпен, бірлікпен ортақ шешімге келу. Өйткені, рухани келісім мен дәстүрлі діндер арасындағы татулық  пен сыйластық  құнын жоғалтпайтын, һәм өркендеуге жеткізетін бірден бір жол.

«Маида» сүресінің 2-аятында: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» делінген. Осындай тақуалыққа жетелейтін жолымыз үзілмей, дінаралық татулығымыздың өркендеу жолында бір-бірімізге әлем болып көмектесу, ізгілік бастамасының жалғасуына ат салысу сауапты іс, әрі Құранға амал ету десек те артық емес.

Алла Тағала бейбітшілігімізден айырмай, татулық пен бірлігімізді арттырып, дініміз өркендей берсін! Әмин!

 

         Ержан ТӨЛЕПОВ,

Түркістан облысының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: