ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының қорытынды шарасы өтті.
Қасиетті Құран аяттарын оқумен шымылдығы түрілген игі шара барысында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы және Бас мешіт имамы Қанат Қоянбекұлы кіріспе сөз сөйледі, ел болашағы – балаларымызға білім ізденудің берекелілігін түсіндіріп, алдағы оқу жылына, келешек өмір жолына жарқын жетістіктер тіледі.
Одан әрі бұқара халық арасынан шыққан жанашыр жандардың демеушілігімен жинақталған қаражатқа «Береке Астана» мүгедектер бірлестігі» қайырымдылық қоры, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры, «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің, сондай-ақ елорда маңындағы елді мекендерде тұратын әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың 300 оқушы баласына оқуға қажетті кеңсе құралдары толтырылған сөмкелер үлестірілді.
Алла Тағала осы игі амалдың жүзеге асуына атсалысқан барша жандардың өміріне береке беріп, сөмкелерге ие болған балалар қалай қуанса, бұл жандарды да Алла екі дүниеде солай қуандырғай! Әмин!