Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дәріс оқып, сөйлеген сөздері Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында білім алып жатқан дін қызметкерлерін қанаттандырып, рухани серпін берді.
Бас мүфти дәріс барысында алда келе жатқан қасиетті Рамазан айы, неке, талақ, мирас, заманауи фиқһ ғылымына қатысты мәселелерді талқылап, имамның тұлғалық бейнесіне кеңінен тоқталды.
«Ардақты Пайғамбарымыз бір өсиетінде (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала игілік тілеген пендесін дін ғылымынан ғұлама етеді», – деген. Ендеше, Алла Тағала діни білім алуды сүйікті пенделеріне ғана нәсіп етеді. Міне сіздер асыл дініміз Ислам жайлы терең білім алып, зерттеп, зерделеуге мүмкіндік алып отырсыздар. Бұл Жаратқанның үлкен нығметі. Дін қызметкері үнемі ізденіс жолында болуы керек. Өйткені имам қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, халық түрлі мәселелерге қатысты сауалдар қояды, дін адамы сол сұрақтарға кемел жауап бере білуі қажет», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Тағылымды дәріс соңында имамдар көп дүниені көкейлеріне түйіп, дін жолында талмай еңбек етуге ерекше ынта-жігер алды.