Елорда төрінде ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйытқы болуымен қолға алынған «Нұрлы мінбер-2015» имамдар байқауының шешуші кезеңі өтті. Діни басқарма жариялаған «Дін мен дәстүр» жылы аясында өткізіліп отырған шара Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылып, имамдар екі кезең бойынша сынға түсті.
Елорданың сегіз мешітінен қатысушы 8 имам алғашқы кезеңде ҚМДБ бекіткен кестеге сәйкес Жұма уағызын өткізіп, осы бейнеуағыздарын ҚМДБ өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешітіне тапсырған болатын. Ал осы уағыздар "Ummet.kz" сайты арқылы ғаламтор кеңістігіне жарияланып, әлеуметтік желілер арқылы ел назарына ұсынылды. Бұл кезеңнің мақсатын дін қызметкерлерін дауысқа салып, бәсекеге түсіру емес, мақсат жұртшылық пен дін қызметкерлерінің қарым-қатынасын интернет желілері арқылы жақындастырып, шынайы имам бейнесін таныту һәм ислам нұрымен, Құран мен сүннетпен халықты сусындату дейді ұйымдастырушылар.
Кеш шымылдығын ашқан ҚМДБ-ның өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы:«Бүгінгі байқау дін қызметкерлерін бәсекелестіріп, бәйгеге не атаққа жарыстыру емес. Байқау бұқара халыққа шынайы имам бейнесінің қандай екенін таныту. Әрі асыл дін жайынан тереңірек хабар беріп, қазақ жұртының діни ұстанымы мен ұлттық құндылықтарын насихаттау. Бұл бәйге сонау ықылым заманнан, хандық дәуірінен дініне бекем болған халқымыздың діні мен дәстүрін дәріптеуді, кеңінен көрсетуді көздейді. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы алға қойған бағыттың көш басында дін мен дәстүрді насихат ету болса, осы дінді жеткізуші имам тұлғасының, пайым-парасатының биік дәрежеде болуы уақыт талабы. Алла алдындағы жауапты қызметте тек жеңіс пен жетістіктерге жете беріңіздер» деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жуырда ғана ҚМДБ тарапынан қолға алынып тұңғыш рет өткізілген Республикалық имамдар форумында «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынай мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сынды маңызды құжаттар қабылданған еді. Бұл орайда ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы бүгінгі күннің дін қызметкері заманның көшінде, уақыттың ағымында белсенді, интеллектуалы жоғары, жан-жақты білімге ие үлкен парасат иесі болуы керектігін де міндеттеген болатын. «Нұрлы мінбердің» бір қыры мен сыры да бас мүфти айтқан талапты орындап, үдеден шығу еді. Осы турасында сөз қозғаған ҚМДБ-ның аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев байқау жайында пікірін білдірді."Бұл байқау расында ел тарихында, дін саласында айрықша бастама болып отыр. Игі істің бас қаламыз Астана төрінен бастау алып отырғаны да көңіл қуантады. Негізі, бүгінгі шараға Бас мүфтиіміз Ержан хазрет Малғажыұлының өзі қатыспақ ниетте еді. Бірақ, көршілес қырғыз елінде халықаралық жиынға шақыртылып, сапарға шығып кетті. Сіздерге хазретіміздің ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы әрбір жиын, басқосуда, конференцияларда өз баяндамаларында дін қызметіне салғырт қарауға жол берілмейтінін, имамдардың білімі мен парасатының жоғары болуы керектігін айтып келеді. Осы мақсатта тұңғыш рет өткізілген Имамдар форумында арнаулы құжаттар қабылдап, дін саласындағы сара жолымызды айқындап та берді. Байқау арқылы XXI ғасыр имамының шынайы келбеті бұқараға танылып, халық пен дін қызметкерінің ара-қатынасы мұнан әрі де жақындай түседі деп білеміз. Өйткені, иман мен имамның орны халық үшін айрықша. Халқымыз ежелден молдасын мәртебелі орынға көтеріп, имамын құрметтеген. Мұның мәні асыл дінімізге деген құрмет, Алла тағалаға деген дұрыс таным, өмірлік өлшемнен туындаған ұғымдар" деді Ғылымбек Жәдігерұлы.
Имамдар байқауында төрелігін айтып, әділ шешімін шығаруға ҚМДБ аппарат басшы бастаған қазылар қатарында ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Астана қаласы әкімдігі Дін істері басқармасы бөлім меңгерушісі Нұрдәулет Әлмұханов, ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкіл имамыНаурызбай қажы Тағанұлы және ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы болды. Аламанның қоржынына салынған бәйге де қомақты. Бас бәйге – "Атлас туризм" компаниясының арнаулы Ұмра қажылығы және "Нұрлы мінбер-2015" Кубогы болса, II орынға "Жансая" шипажайы ұсынған жолдама тігілуде.
Сан сатылы байқауда уағызы өтімді, сөздері ұтымды болған имамдар бұқараның ыстық ықыласына ие болып, шешендік һәм шеберлік қырларымен жұртшылықты тәнті етті. Имамдар «Сәлем – сөздің атасы», «Бәйге», «Жеті жарғы», «Жағдаят» және «Имам мінбері» турлары бойынша сынға түсіп, білімі мен біліктілігін бұқара алдында көрсетті. Алдымен әр үміткер туралы арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіліп, имамдар өздерін таныстырды. Онан соң"Бәйге", "Жеті жарғы" турларында діни әрі дүняуи сұрақтарға балдық жүйе бойынша жауап берілді. Ал "Жағдаят" турында әр имамға өмірде кездесіп жататын түрлі уақиғадан мысалдар беріліп, шешімін табу имамның білімі мен ой жүйріктігіне қалдырылды. Соңғы шешуші тур "Имам мінберінде" дін қызметкері қысқа уақытта таңдаулы тақырып негізінде уағыз айтудан сайысқа түсті. Шешендік шеберлігі мен сөз саптауы, шариғи білім деңгейі мен парасат-пайымы айқын көрініс тапқан дүбірлі додада имамдар осындай сынақ кезеңдерінен өтіп, қазылар алқасы үздік үміткерлер есімін атады.
Қазылардың әділ ұйғарымымен бас жүлде – «Атлас туризм» компаниясының арнайы Ұмра қажылығы жолдамасы мен "Нұрлы мінбер-2015" Кубогына "Әлжан ана" мешітінің наиб имамы Дәурен Жақыпжанов лайықты деп танылды. Ал II орын – "Жансая" шипажайы жолдамасы және бағалы сыйлықтармен "Нұр Астана" орталық мешітінің наиб имамы Абдуссамад Махат марапатталды. III орынға "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Руслан Қамбаров табан тіреп, "Биана" ұлттық киім салоны ұсынған шапан сыйға тартылды. Өзге де қатысушы имамдарға сый-сияпат жасалып,арнайы сертификаттар табысталды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі