Сириялық 4 жасар бүлдіршіннің суреті бірнеше сағат ішінде интернет әлемін дүр сілкіндірді деп жазады e-islam.kz.
Осман Саджирли есімді түрік фотографы Атмех босқындар лагеріне арнайы репортаж жасау мақсатында келеді. Фотограф суретке түсірмекші болып, фотокамерасын бүлдіршінге бағыттаған сәттегі 4 жасар қыздың қарекеті Осман Саджирлидің көңілін босатып жібереді.
Бүлдіршін өзіне бағытталған камера объективін көрісімен, оны қару деп, ал, фотографты қарулы әскер адамы деп ұғынып, екі қолын жоғары көтеріп, “берілемін” дегендей ишарат білдірген.
Фотограф бүлдіршіннің бұл ісіне қайран қалып: “Иә, мен камераны оған бағыттағанымда – баланың үрейі ұшқан көзін көрдім. Оның қатты қорыққанын байқадым. Мені көрісімен, ернін тістеп, қолын көтерді. Ал, негізінде балалар фотокамераны көргенде күледі, не ұялады, немесе қашып кетеді” деп, алған әсері жайлы ойын айтты.
Фотограф бұл көрініс жан-дүниесіне қатты әсер қалдырғанын жасырмады.
“Мына әлем жайлы әлі көп нәрсені түсіне алмайтын 4 жасар бала үшін оптикасы бар адам кезіксе қолыңды көтеріліп, берілу керек деген ой қайдан келуі мүмкін” дейді ол.
Айтулы уақиғадан хабар беретін сурет қазіргі уақытта интернет желісін де дүр сілкіндіруде. Саджирлидің әлеуметтік желідегі парақшасына қойылған аталмыш фотоны бірнеше сағат ішінде 11 000 адам көріп үлгерген.
hibatulla.kz