Табысқа қол жеткізген адамдардың басым көпшілігі уақытты бағалап, оның әрбір минутын барынша пайдалы қолдануға тырысады. Олардың бәрінде бірдей нақты күн тәртібі бар әрі олар сол тәртіптен таймай өмір сүруге құлшынады.
Алла Тағала Қасиетті Құранымызда былай айтқан: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда» (103:1-2).
Бұл аятты бірінші мәрте оқығанда адамның жаны құлазып қалады, алайда соңғы аятында бұл сүренің толық мағынасы ашылады: «Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды!» (103:3).
Уақытты асыл дініміз Ислам мұсылмандарға Алла Тағаланың берген нығметі деп үйретеді. Бұл құнды нығметті мұсылмандар саналы түрде пайдалана білуі тиіс. Күнделікті қажетті істерді жасап болғаннан кейінгі бос уақыт барынша пайдалы өткізілуі қажет.
Осы уақытты қоғамға қызмет етуге, жақын-туыстарға көмектесуге және білім алуға жұмсаған абзал. Мұның бәрі мұсылман үшін жақсы амалдар болып табылады әрі осы амалдар үшін Алладан сый беріледі. Қолы босай қалған кезде адам баласының демалып алғаны да жөн, тек қажетті демалыс пен боссыздықтың ара-жігін ажырата білген дұрыс.
Таң атса кеш батып, кеш батса таң атып жатқан мынау заманда уақыт зымыранның жылдамдығындай зуылдап өтіп жатыр. Сол себепті әрбір өткен күннен нақты бір шешімдер шығарып отыру керек, мысалы үшін, осы мен бүгін қандай пайдалы іс жасадым дегендей. Бүгінгі амалдарым маған, қоғамға, отбасыма және менің Қиямет күнгі жағдайыма қандай пайда әкелетін болды деген сынды сауалдар қойып, соған жауап беруге тырысу қажет.
Ислам бізді келешек өміріміз – ақирет үшін барынша пайдалы өмір сүруге үйретеді. Осы өмірде жасаған біздің жақсылығымыз да, жамандығымыз да Қиямет күнгі таразыға түсетіні хақ. Сондықтан уақытымызды келешек өмірімізде бізге пайда беретіндей өткізу өзіміздің қолымызда.
Бұл дегеніміз, біздің бос уақытымыз да бізге пайда әкеліп отыруы қажет. Нәпіл намаздар оқыңыздар, мұсылман ғалымдарының дәрістерін тыңдауға барыңыздар, туыстарыңыз бен достарыңызды үйіңізге қонаққа шақырыңыздар, өз қалаңызда өтетін қайырымдылық шараларына қатысыңыздар. Осы амалдардың бәрі де бізге тек хайыр, береке береді.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Көптеген адамдар қадірін білмейтін екі нығмет бар. Олар: денсауық пен бос уақыт» (Бұхари).
Алла Тағала Құранда өз уақыттарын жақсы амалдар жасауға жұмсайтын адамдар зиянға ұшырағандардың қатарында болмайды деп айтса, ал адамзатың асылы Пайғамбарымыз (ﷺ) уақыт тек жақсылық жасауға ғана жұмсалуы керек деп атып кеткен. Бұл мұсылман үшін толыққанды өмір сүрудің мінсіз тәсілі болып табылады.
asyldin.kz