Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен былтырғы жылдан бастап «Біз Құранды білеміз бе?» деген айдармен арнайы бағдарламалар желісі түсіріліп, облыстық телеарнадан берілген болатын. Халықтың рухани дүниетанымын қалыптастырып, ізгілік пен ізеттілікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан бұл бағдарлама көп ұзамай көпшіліктің көңілінен шығып, жан-жақты қолдау тапты.
Өңірімізде қолға алынған игі іске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да қолдау білідіріп, облыс әкімінің атына Алғыс хат жолдады.
«Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде Алла Тағала барша мұсылманды жақсылықта, тақуалықта жәрдемдесуге үндеген. Мемлекет болашағы саналған жастардың бойына Құранның асыл құндылықтары мен ұлттың әдеп-ғұрпын сіңіруге сүбелі үлес қосып келе жатқан Сізге күллі Қазақстан мұсылмандары атынан айрықша алғысымды білдіремін. Исламның алтын арқауы – Құранды насихаттау жолында қолдау көрсеткеніңіз үшін шынайы ілтипатымды жолдаймын. Алла Тағала ел игілігі жолында жасап жатқан сауапты да салауатты жұмыстарыңызға береке бергей»,- делінген Алғыс хатта.
Бас мүфтидің Алғыс хатын өңір басшысына ҚМДБ ОҚО өкіл имамы Ахметжан Керімбек табыстады. Телеэфирден берілген «Біз Құранды білеміз бе?» бағдарламасы бүгінде өнделіп, толықтырылуда. Фильмнің дайын нұсқасы дискілерге басылып, аудан, қалаларға таратылатын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі