Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан арнайы аудармашылар тобы құрылды. Астанада Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен топтың алғашқы отырысы өтті.
Басқосуда аудармашылар тобын құру идеясын сөз еткен ҚМДБ төрағасы Ержан Маямеров: «Діни салада аударылған салалы кітаптар некен-саяқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы аудармашылар тобын құрдық. Бұл бастамаға қолдау көрсетіп отырған Түркия елшілігіне, елшінің діни істер бойынша кеңесшісі Ибраһим Йылмаз мырзаға алғысымды айтамын. Білікті теолог-ғалымдардан жасақталған топ Ислам негіздері, отбасы құндылықтары, сенім мәселелері, бала тәрбиесі, көркем мінез, хадис ілімдері, пайғамбар өмірі туралы кітаптарды түрік тілінен аударады. Сонымен қатар арнайы сұрақ-жауап кітаптарды да дайындайды. Түрік халқы – бауырлас ел, біздің түбіміз бір әрі мәзһабымыз да бір», – деді.
Айта кетейік, аудармашылар тобында теология докторлары – Мұхитдин Исаұлы, Алау Әділбай, Батыржан Мансұров, Құдайберді Бағашар, жоба үйлестірушісі Алтынбек Ұтысхан, дінтанушы Кеңшілік Тышхан бар.
www.muftyat.kz