Дұға – көк пен жердің нұры, діннің тірегі. Әбу Хурайра (р.а.) келтірген хадисте былай айтылған: «Дұға – мүміннің қаруы, діннің тірегі, көк пен жердің нұры» (Хаким, Даауат, № 1812). Дұғаның қабыл болуы үшін бірнеше сүннет пен әдептер бар. Солардың бірі – адал ас. Ішіп-жейтін астың бәрі адал болуы тиіс. Са’д ибн Әбу Уаккас (р.а.) бірде Пайғамбарымызға (ﷺ) өзінің дұғаларының қабыл болмай жатқанын айтады.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Әй, Са’д! Сенің дұғаң қабыл болуы үшін астың адалын ал. Менің жанымның иесі Алламен ант етемін, кімде-кімнің асқазанына харам ас түсер болса, оның ғибадаты қырық күнге дейін қабыл болмайды» (Таберани “Маджмау’ль-Авсат”, 6/311). Ал мына бір ғибраты мол сөз қандай көркем айтылған: «Тілектің орындалуының кілті – дұға, ал сол кілттің кертіктері – адал ас».