Жауапкершілік – істеген ісімізге байланысты сұраққа алыну, есеп беру дегенді білдіреді. Дүниедегі барша жаратылыстың белгілі бір мақсаты болғаны сияқты адам баласының да белгілі бір мақсаты бар. Осы себепті бұл пәни дұниеде адамзатқа үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұған әрбір пенде қиямет күні жауап беретін болады. Осыған орай Аллаһ тағала адамзат баласының осы міндеті мен жауапкершілігін білдіру мақсатында қасиетті кітаптар мен пайғамбарлар жіберіп отырған.
Бұл турасында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деген:
«Барлықтарың шопансыңдар, қол астындағы отарларыңнан сұраласыңдар. Мемлекет басшысы да шопан, отарына жауап береді. Отағасы жанұясының шопаны, отарына жауап береді. Әйел күйеуінің үйінде шопан, ол да отарына жауап береді. Қызметші мырзасының дүние-мүлкінің шопаны, отарына жауап береді. Бала, әкесінен қалған малдың шопаны, ол да отарына жауап береді». (Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт,Термизи, Ахмет Ханбал)
Жоғарыда келтірген хадисте адамдардың бір-бірінің қарым-қатынасын басты назарда ұстап, оларды шопан мен оның отарына ұқсатып мысал ретінде келтірген. Мұнда шопан мен отарының арасындағы байланысты айта отырып, шопанның қызметін негіге алған. Яғни аманат етіп тапсырған малды түрлі қауып-қатерден қорғап, иесіне сау-саламат табыстау керектігі айтылған. Назар аударып қарайтын болсақ, хадисте басшылықты ретімен яғни мемлекет басшысынан бастап, ең төменгі жанұя мүшелеріне дейінгілерді жауапкершілікпен ескерткен. Сондықтан адам баласы өзіне тапсырылған істі ұқыптылықпен атқаруы тиіс.
Үйіміз – әдепті, ибалы және тәрбиелі бала-шаға өсіретін мектеп болуы қажет. Өйткені олар Аллахтың бізге берген аманаты. Ертең есеп-қисап күні осы аманат жайлы бізден сұрайды. Ал оларды қорғап-қорғаштап, рухани жан дүниесін дамытудың жолы Аллахтың бұйырғанында тәрбие беріп, Оған нағыз құл болуды үйрету арқылы мүмкін болмақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ ислам қоғамдық жауап кершілікке ерекше маңыз аударатын дін. Мұны жоғарыдағы хадистің түсініктемесінен айқын байқауға болады. Қоғамның әрбір мүшесі, қызметі мен міндетіне қарай қол астындағыларға жауапты. Яғни әрбір адам жанұясына өзісіне жалпы қоғаммен қоғамның алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қоғамның ары қарай дами түсуіне үлес қосатын азамат болуы қажет. Міне бұл адамды қоғамның арасында жападан-жалғыз қалудан сақтап өзгелердің де қамын ойлайтын жоғары мәдениеттілікке жетелейді. Бүгінгі таңда қоғам осындай адамдарға ауадай мұқтаж!
Ерлан Лукманов
«Қордай ауылдық мешітінің» имамы