«Құрбан айт» мейрамы құтты болсын!

«Құрбан айт» мейрамы құтты болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла разылығын алу ниетімен шалынған құрбандықтарымыз қабыл болсын. 

Құрметті Мұсылман бауырлар! Құрбан айт мейрамына сау-саламат, аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Өздеріңізге мәлім, Еліміз қиын күндерді бастан өткізіп жатыр, Алла Тағаланың сынағына сабырлық танытып, Алланың рахымды, мейірімді екеніне сеніммен қарай, жақсылығынан үміттеніп жарылқау тілеудеміз. Алла Тағаладан көпшілік болып жақсылығын тілеп, Құрбан айт мейрамының қадір қасиетін пайдаланып Жаратушы Иемізге жақындауға амал жасап, жағдайымыз келіп тұрса, мал-жан амандығына құрбан шалып, Құран Кәрімнің «Сенде Раббың үшін намаз оқы және Құрбан шал» деген аятқа амал жасайық.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады.

Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Құрбандық шалу кімге уәжіп:

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал», – деген əмір бар. Айта кетейін, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбандық шалу әдебі:

Құрбандық шалған ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар.

Құрбандық шалуға жарамды жануар түрлері:

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.

Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын өзі орындағаны жақсы. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деген екен.

Құрбандық етін қалай бөлеміз:

Құран Кəрімде: «...Одан өздерің де жеңдер жəне мұқтажға да жегіңіздер», – деген аят бар.

Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, құрбандық еті əлеуметтік аз қамтылған, көп балалы жəне жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Тағы айта кететін нәрсе – құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Бұл жөнінде сахаба Әли (р.ғ.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз».

Арапа күні:

27 маусым «Арапа» күні. «Арапа» аталу себебі – Құрбан айттың алдындағы қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін қажылардың Арафат тауына барып, белгілі бір уақыт тұруынан шыққан. 27-ші маусым Арапа күні таңғы намаздан бастап Құрбан айттың 01-ші шілде төртінші күнінің асыр намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «Аллааһуммә әнтәс-сәлам...» дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын (жеке оқыса да, жамағатпен оқыса да) дауыстап оқулары керек. Әйел адамдар дауыстарын шағырмай, іштерінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады.

Тәшриқ тәкбірі: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд» 

Мағынасы: Алла Ұлық, Алла Ұлық! Алладан басқа құдай жоқ және Алла бәрінен де Ұлық! Алла Ұлық әрі күллі мадақ-мақтаулар тек Аллаға тән!

Құрбан айт мерекесінің күндері:

Биыл қасиетті мейрам 28-ші маусым күні мешіттерде айт намазын оқумен басталады. Оның артықшылықтарын тоқталар болсақ, әуелі Исламдағы екі айт мерекесінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескере кеткен жөн. Мәселен, Рамазан айының Ораза айтында таңертең мешітке айт намазына келерден бұрын үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтында нәр татпай шыққан дұрыс. Мұның мәні мынада, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі.

Ал, құрбандық малы 28-ші маусым күні Құрбан айт намазынан кейін басталып, 30-шы маусым айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.

 

Меркі ауданының бас имамы Абдразахов Азамат Берікұлының Меркі ауданы жұртшылығына үндеуі!

Құрметті бауырлар! Шынайы жүрегіммен Сіздерді Ұлық болған Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Алла Тағала өзінің жаратқандарына рақымды, мейірімді, сақтаушы, қорғаушы. Кез-келген нәрсе Алланың қалауымен болады және орындалады. Әлемнің түпкіріне таралған жұқпалы індет қасырет, елімізді айналып өткен жоқ. Бірақ біздер мұсылмандар жарылқау жақсылықты тек бір бүкіл әлемді жаратқан Жаратушы Жаббар Иеміз Алла Тағаладан ғана жарылқау тілейміз.

Адамзат баласы Жаратқан Иемізге мұқтажбыз, көпшілік қоғам болып осы қасыреттен еліміздің амандығын тілейік. Қиналып, сырқаттанып жүрген бауырларымызға Алла Тағала жәрдем, сырқаттарына шипа берсін.

Алла Тағала барша мұсылман қауымының бұл күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай! Құрбан айт құтты болсын!

Құрбан айт құтты болғай. Қасиетті мейрам күндері әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін. Осы мерекедегі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Шаңырақтарыңыз құт-береке мен төрлеріңіз ырыс-ынтымаққа толсын! Жаратқан Иеміз баршаңызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық нәсіп етсін! 

 Абдразахов Азамат Берікұлы

Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: