28 маусым - Құрбан айт мерекесі

28 маусым - Құрбан айт мерекесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) бастап кеткен жолы, сүннеті болып табылатын құрбан шалу құлшылығын соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) қайта жаңғыртып, үмметіне бұл істі міндеттеді. Алланың ардақты елшісі бір хадисінде «Кімнің мүмкіндігі бола тұрып, құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын орындарымызға жақындамасын», - деген. Алла тағала өзінің қасиетті кітабы Құран кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал!», - деп бұйырған. Жоғарыдағы хадис пен аятқа сүйенген ханафи мазһабының ғұламалары айт намазын оқу мен құрбан шалуды уәжіп, яғни міндетті діни амалға жатқызған.

«Құрбан айт» сөз тіркесінің этимологиясына тоқталар болсақ, «Аллаға жақын болу» деген мағынаны беретін «құрбан» сөзі түркі тілдес халықтарға парсыдан енген сөз болып табылады. Ал түптеп келгенде, «құрбан» сөзінің түбірі «жақындық» деген мағынаны білдіретін арабтың «қурб» деген сөзінен шығады. «Айт» деген «жылда айналып келетін мейрам» дегенді білдіретін арабтың сөзі. Арабтар «құрбан айт» деп қолданбайды. Олар бұл сөздің орнына «ийд-әл-адха» деген сөзді қолданады.

ҚМДБ мақұлдаған күнтізбе бойынша биылғы жылы құрбан айттың бірінші күні маусым айының жиырма сегізіне сәйкес келеді. Осы күні Жамбыл облысында айт намазы таңғы сағат 06:20-да оқылады. Айт намазы оқылып біте салысымен мұсылман жұртшылығы Аллаға арнаған құрбандықтарын шала бастайды. Құрбандық шалу үш күнге созылады. Үшінші күні күн батуға аз уақыт қала құрбандық шалу тоқтайды. Ғұлама Имам Мәліктің «әл-Муатта» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Омар: «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», - деген. Ал Имам әл-Байһақидің «әс-Сунан» атты кітабында сахаба Әли (р.а.): «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», - десе, сахаба Әнас (р.с.): «Мал бауыздау құрбандық күнінен кейін екі күнге созылады», - деген. Барлығы үш күн.

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Ең кемінде ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, ал түйе бес жасқа толған болуы міндетті. Қойдың алты айлық тоқтысы да құрбандыққа жарамды болып табылады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да шалына береді. Уақ малды бір адам, ал ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп шалуына болады. Аталмыш малдардан бөлек, жылқы, үйрек, қаз, тауық, қоян және т.б. құрбандыққа жарамсыз болып табылады.

Құрбандық шалу бір отбасына емес, ауқатты әйел-еркек әр мұсылманға бөлек міндеттеледі. Мысалы бір отбасында үйге кіріс келтіретін бірнеше кісі болып, олардың әрқайсысы ауқатты болса, барлығы бөлек құрбандық шалуға тиіс болады. Сондай-ақ, бірігіп бір ірі қараны шала алады. Ал бір үйде бір кісі ғана ауқатты болса, онда өзі ғана кемінде бір құрбандық шалуға міндетті болмақ.

Құрбандық шалатын кісі малды союға икемді болса, өзі бауыздағаны абзал. Малды қинап қоятындай болса, білікті кісінің бауыздағаны дұрыс. Қалай болғанда да, мүмкіндігі болса, құрбандығы шалынарда қасынан табылғаны абзал. Мүмкіндігі болмаса, өкілін жіберіп, қатыстыруына да болады. Қасапшы жалдаса, ақысына шалынған құрбандықтың мүшелерін беруге қатаң тиым салынады. Қасапшының ақысы бөлек қаражаттан берілуге тиіс. Қасапшы мұқтаж жан болса, еңбек-ақысын бөлек берумен қатар, құрбан етінен оған да үлес беруге болады.

Құрбандыққа шалынатын мал құлағының жартысынан көбі кесілген, бір көзі жоқ, жүре алмайтын көтерем және т.б. кемшілігі болмауы тиіс. Піштірілген еркек мал құрбандыққа жарамды болып табылады.

Құрбандық шалушы кісі малды қыблаға қаратып жатқызып, «бұл менің атымнан және отбасымның атынан» деп ниет етіп, «бисмилләһи Аллаһу әкбар», - деп айтып барып, малды бауыздайды.

Сойылған құрбандықтың еті сүннет бойынша үшке бөлінеді. Бір бөлігі өзіне, бір бөлігі мұқтаж жандарға, ал бір бөлігі көршілеріне немесе туыстарына таратылып беріледі. Етке мұқтаж болса, малдың етін толығымен өзі ала алады. Етке мұқтаж болмаса, толығымен тарқатып беруіне де болады.

Келе жатқан Құрбан айт мерекесі мүбарак, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!

Қанат Әділханұлы ЖҰМАҒҰЛ

Байзақ ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: