Құрбан айт мейрамы қалай өтеді?

Құрбан айт мейрамы қалай өтеді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!

    Осы бір «Ораза айты» мен «Құрбан айт» мерекелері келгенде, еріксіз бала күнгі ата-әжелеріміздің айттауы еске түседі. Ол уақытта ауылдар түгілі аудан орталықтарында мешіттердің жоқ кезі. Облыс орталығы сол кездегі Жамбыл қаласында ғана «Әулие ата» мешіті бар. Ауылдың қариялары жиналып таңғы уақытта ауыл сыртында айт намазын оқып, содан тіке қорымның басына баратын. Өмірден өткен мұсылмандарға дұға бағыштап, сол жерден көше-көшеге бөлініп кететін. Содан үш күн бойы мереке, біз сияқты қара сирақ балаларға. Үйден үйге, көшеден көшеге қыдырып тәттіге қарық болатын едік. Ауыл қариялары бір үйді қалдырмай аралап шығады. Аналар мен әжелер бірінші күні үйден ешқайда шықпай ер кісілердің келіп құран оқып, айттық шәй ішіп кетуін күтетін. Содан кейін ғана әжелердің кимешектері желбіреп, оларға ақ жаулықты аналар ілесіп көшенің сәнін келтіріп бір-біріне айттап, құттықтап мәре-сәре болатын. Сол уақыттағы адамдардың адамгершілік қасиеті ерекше еді. Есімде кейбір әжелер қолынан жетектеп қасына кішкентай балаларды ерте жүреді. «Мынау немереңіз бе?» деп сұраса, «Әй білмеймін жаңа анау пәленшенің үйінен ілескен содан ертіп жүрмін ғой, осы ауылдың баласы шығар» дейтін еді. Қандай кең пейілді кісілер еді деп бүгінгі күні еріксіз таңдай қағамын.

     Осындай мерекенің қарсаңында өткенді еске алуыма себеп болып отырған да, сол кісілердің кең пейілінен бүгін ештеңе қалмағаны ма деген қорқынышты ой. Шын мәнінде біз сондай кең пейілді, дархан мінезді, көргені мен түйгені көп дана халықтан қалған ұрпақ емес пе едік.

     Әуелі «айт» сөзі қандай мағына береді десек, бір мағынасы «қайту» екен. Оған не себеп дейтін болсақ.

  1. Момындар құрбан айтта Алла үшін қажылық жасап, кейін Пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиярат қылуға дайындалады, яғни қуаныштар қайталанады.
  2. Айт мейрамдары әр жылы қайталанып отырады.
  3. Мейрамда Алланың жақсылықтары мол болады.
  4. Мейрам күні қуаныштар келеді.

     Құрбан айтта құрбандық шалудан басқа тағы не істесек болады. Бұл күндері ораза тұтуға болады. Алланың елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім арафа күні ораза ұстаса, Алла оған Исаға (ғ.с.) бергендей сауап береді» деген. Арафа күні айттан бір күн бұрынғы күн. Ендеше осы күні ораза ұстап мол сауапқа кенелу мүмкіндігін жіберіп алмау маңызды. Құрбан айт дастарханына кедейлерді шақырып, кем-кетіктерге, мұқтаждарға жәрдемдесу өте сауапты, әрі жүректерге тыныштық беретін амалдар екенін еске салғымыз келеді. Бұлай айтуымызға дәлел болар бір сөзді Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Дастарханның ең жаманы – байлар шақырылып, кедейлер шақырылмаған тойдың дастарханы». Демек бай-бағландарды жинап алып, кедейлер шақырылмаған дастарханнан қарынның тойғанынан басқа пайда жоқ деген сөз. Адамдарды тамаққа шақырғанда назар аударылар тағы бір іс, туыстарды ұмытпау. Өйткені бұндай сәтте ағайын-туғанды әдейілеп болмаса немқұрайдылықпен шақырмай қою ара қатынасты суытады.

     Данышпандардан қалған жақсы сөз бар екен. Олар былай дейді: «Жылы жүзбен, тартымды сөзбен және қарсалып, шығарып саларда шын пейілмен қонақ күту өте керекті».

     Тағы да бір жақсы амал бар. Балаларға, қарттарға, жетімдерге көңіл бөлу. Құрбан айттың мереке екенін осы кісілерге  барынша сездіре білу. Жылы-жұмсақ ас дайындап, тәттілер таратып, көшеге алып шығып серуендету, балаларды ойын алаңдарына алып бару, барынша мерекелік көңіл күй сыйлау өте маңызды. Бұл істер ара қатынастың жақсаруына себеп, балалардың мерекені есте сақтауына себеп.

     Осы мақаламда құрбандықты қалай шалу керек, қандай малдар шалынады деген сияқты жыл сайын айтылып жүрген сөздерді айтпадым. Өйткені қазіргі уақытта бұл сұрақтардың жауаптары жетерлік. Мен сөзімнің басын бұрынғы ата-әжелеріміздің кезіндегі айт мерекелерін еске алумен бастадым. Ондағы мақсатым сол кісілердің бойында болған мұсылманшылық, адамгершілік қасиеттерді еске салу. Сол кездегі тұрмыс-тіршіліктің деңгейі қазіргіден әлдеқайда төмен болғанымен, ол кісілердің адамгершілік деңгейі қазіргіден әлдеқайда жоғары болғанын айтқым келді. Ал адамгершілік қасиеттің ол кісілерде жоғары болуының бір ғана себебі, ата-әжелеріміздің имандарында дер едім. Олай болса ағайын, осынау құлшылықтарымызбен Аллаға жақындайтын, мейірім көрсету арқылы мейірімге кенелетін жақсы күндерде құрбан шалып, бір-бірімізге жылы шыраймен құшақ жайып, ренжіскендер бір-бірімізді кешіріп, жамандықтарды ұмытып тек жақсылыққа ұмтылайық.

Ғалымжан Қонақбаев

«Сарысу аудандық» мешітінің Бас имамы      

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: