Табиғат – барлық тіршілік атаулының керемет көрінісі.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Ол сондай Алла әр нәрсенің жаратылысын көрікті етіп әсемдеді», – деген аят бар. («Сәжде» сүресі, 7-аят). Құран Кәрім айнала қоршаған орта мен табиғатты Алланың сұлулығы, сән-салтанатының көрінісі деп суреттеуде.
Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» - дейді. Бұл жерден ағаш егудің өте маңызды екеніне көз жеткіземіз. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан дәлел ретінде айтар болсақ Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Міне осы секілді ағаш батпақты ғана кетіріп қана қоймай ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып жаны жай табады. Күнделікті қолданып жүрген материалдарымыздың көбі осы ағаштан жасалады. Кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер мен тақталар т.б.
Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл кейіпке бөленеді. Ауаны тазартып, суықта үйді жылытатыны да өз алдына.
Бір қызығы, жеміс берсін-бермесін кез келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда орасан қызмет атқаратын да осы ағаш.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген Әбу Дәрда (қартайған шағында) Дамаск қаласында жеміс көшетін отырғызып жатса, оны бiр кiсi көрiп: «(Қартайып қалдыңыз ғой). Мұны не үшін істеп жатсыз?» – деп сұрапты. Сонда Әбу Дәрда оған: «Асықпа, сабыр ет! Бізден бұрын келгендер көшеттер отырғызды, біз оны пайдаландық, жемісін жедік. Ендігі, егу, өсіру кезегі – біздікі. Оны келесі ұрпақ пайдаланады және жемісін жейді. Мен Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бiр мұсылман ағаш отырғызса немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, жануарлар мен жәндіктер, құстар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» дегенiн естiгем», – деп жауап берді.
Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталады деп ойлаймын. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.
Алла тағала құранда бізге берілген шексіз нығметтердің о дүниеде сұрауы бар екенін ескертеді. Онда: «Ырыс-дәулеттеріңнен (берілген нығметтерден) әлбетте сұраққа тартыласыңдар» деген. Ал даналарымыздың «судың да сұрауы бар» деуі осыған саяды. Олай болса табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әрбір адамзаттың міндеті болып саналады.
Шалғайын шалқар маушыған
Бұлт келді, көктем кір кетті.
Топырлап ұрған тамшыдан,
Топырақ иісі бұрқ етті.
Шілде мен тамыз пышаны
Шаң ғана болса,
Қалдырма
Терезелер құшағын
Түгелдей ашшы жаңбырға,- деп Қадыр Мырза Әлі атамыз әсем табиғатты жырлады. Табиғат көркемдігін ақ қағаз бетіне түсірген ақындарымыз оның құдіретін білген. Сол өлең жолдарын болашақ ұрпаққа, яғни бізге қалдырып отыр.
«Мәуесі бардың әуесі бар» дейді халқымыз. Табиғатқа өз үйіндей қарап, оны аялаған адамның да қоршаған аясы әдемі болмақ. Үйің мен бау-бақшаңа қарай қарағаның сынды тұтас табиғатқа да сондай жанашырлықпен қараған жөн.
Сонымен қатар, ғұлама ғалымымыз Қаныш Сәтбаевтің: «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойламаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес» деген жан тебіренісі еріксіз ойға оралады. Ендеше, елім, жерім деген ел азаматы өз туған жерінің тағдырына немқұрайлы қарамай, қоршаған ортаның тазалығына атсалысуы тиіс.
Қоршаған ортаны аялау – әр адамның қасиетті борышы. Ұрпағымыз бала күнінен бастап ағашты сындырмауға, жан-жануарларды қорламауға, су айдындарын ластамауға, қоқыс тастамауға дағдылануы үшін оларды әрдайым табиғатқа ұқыпты, құрметпен қарауға тәрбиелеуіміз қажет. Әрқашан өзімізден бастап, өзгелерге үлгі болайық!
Сөз соңын, ақын Мұзафар Әлімбаевтың мына жыр жолдарымен аяқтайын:
Туған жерді сүю – парыз,
Сүю үшін білу – парыз.
Қасиетін ұғу – парыз,
Күзетінде тұру – парыз.
Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ,
ҚМДБ Қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі