«Хизбут-тахрир» діни экстремистік тобы

«Хизбут-тахрир» діни экстремистік тобы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дініміздің негізі – бейбітшілік болса, аталмыш ағым тура осы түсінікке қарама-қайшы келетін діни радикалды ұйым болып табылады. Арабшадан аударғанда «хизб» сөзі партия, ал «тахрир» азаттық дегенді білдіреді. «Хизбут-тахрир» партиясын 1952 жылы негiзiн қалаушы Тақий ад-Дин ан-Набахани деген кісі. Біраз уақыттан бері осы «Хизбут-тахрир» партиясы бiздiң мемлекетiмiздің мұсылмандары арасында да жiк салуда. Өкiнiшке орай, қазіргі кейбiр жастарымыз мәселенiң мән-жайына бармай терiс уағызға көзсiз көбелектей iлесiп отырып, олардың қатарына қосылып қалғанын аңғармай жүр. Қазақстан халқының көпшiлiгi мұсылман екенiне қарамастан олар бізді «кәпiрлер елi» деп атайды. Бұл аталмыш «Хизбут-тахрир» ұйымын асыл дінімізді бет перде еткен, халифатты аңсаушы, саяси партия деуге толық негiз бар деп айта аламыз.

Әуелі бұл ұйым араб мемлекеттерінен қолдау іздеп бақты. Алайда, көп ұзамай «Әхли сунна уәл жамаға» ғалымдары бұл  ұйымның теріс ағым екендіктерін, мақсаттары тек саяси мүдделер екенін тайға таңба басқандай әшкерелеп, бірқатар араб елдерінде тиым салынды. Араб мемлекеттерінде табысқа кенелмегеннен кейін сол жүйелерімен Батыс Еуропа мемлекеттеріне ауысты. Олардың ол мемлекеттердегі мұсылмандарға тигізген әсері – оған дейін істеп келген діни орталықтар, намазханалар жабылып, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан мұсылмандарды сол мемлекеттермен одан бетер шиеленістіре түсті. Еуропада исламофобия ұйымдардың көбеюіне сеп болды деуге толық негiз бар. Демократизм мен капитализмнің барлық түрін харамға  шығарады. Aғымның тұжырымы бойынша бұл кәпірлердің жүйесі және ол жүйеде қызмет атқару харам. Сол секілді капитализм, социализм, комунизмнің  барлық түрлерін жоққа шығарады.

Хизбут-Тахрир ұйымының негізгі  қателіктерінің бірі – ұйымның дін атын жамылып,  саяси мүдделерге негізделуі. Оның үстіне, мұсылмандардың ішкі рухани дүниесіне емес, тек сыртымен ғана шектеледі. Әр кез мұсылман қауымының өрлеуінің негізгі кепілі ақида, құлшылық, мінез-құлық, ауыс-түйісте тазалық болуы. Әрбір адамның көкейінде жақсылыққа қарай өзгеруге деген пейілі болмаса, онда қоғам да өзгермейді. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында, бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді»,- дейді. (Рағыд-11)  

«Хизбут тахрир» ұйымының адасқан тұстарының бірі бөгде әйелмен қол ұстасуға, сүюге рұқсат етеді. Олардың пікірінше бұл әрекет зинаға бармайынша, харам емес,- деп санайды. Әрине, бұл үлкен қателік. Себебі, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Зинаға жақындамаңдар! Өйткені, ол арсыздық және жаман жол» ,- деп қатты ескерткен (Исра-32). Ғалымдарымыз аяттағы:  «зинаға жақындамаңдар» деген сөзді, зинаның өзі ғана емес, соған апаратын барлық жолдарды қамтитындығын айтады.

Мемлекет өзін ислам мемлекеті деп жариялағанмен халық мұсылман болмауы әбден мүмін. Бұл жердегі мәселе мемлекеттің атауында яки  заңдарында емес, ең алдымен халқы мұсылман болуы шарт. Құрметті  бауырлар, біз атымыз ғана емес,   затымыз да  мұсылман болуға тырысуымыз керек. Әркім өзінен  бастауы керек, отан отбасынынан басталады демекші, өз отбасымыздан  бастауымыз ләзім. Сонда   ғана қоғам ізгі адамдарға толып,  шынайы мұсылманшылдыққа қол жеткіземіз. Алла Тағала бізді өзінің тура жолында болуымызды нәсіп етсін. Елімізді, жерімізді әртүрлі діни ағымдардан сақтауын тілейміз.

 Ахат Қайыпбергенұлы

«Әбдірашит ата» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: