Әр ғибадаттың өз талаптары мен пайдалары бар

Әр ғибадаттың өз талаптары мен пайдалары бар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде пенделер намаз оқуға бұйырыла келе: "Намазға тұрыңдар", "Намаз арсыздық пен жаман істерден қайтарады", делінген. Демек, намаздың пенде үшін ең үлкен пайдаларының бірі намаз оқушыны арсыздықтан, түрлі жаман істерден қайтаруында деп түсінеміз. Осы жерде бір сұрақ туындайды: "Не үшін кейбір адамдар намаз оқып жүрсе де жаман істерден тыйылмайды?" Мәселе мынада, аятта намазды оқу деп келгенімен, бұл жерде намазды шынайы намаз деп түсінуіміз керек. Намазын шынайы ықыласпен оқыған пендені ғана намазы түрлі жаман істерден тияды. Шынайы дегенді "кемшіліксіз", "нұқсансыз", "өте жоғары ықыласпен орындау" деп түсініміз керек. Міне сондай кезде ғана намаз өз иесін жамандықтан, арсыздықтан қайтара алады. Бекерден бекер намаз күніне бес рет парыз етілмеген. Мысалы, бесін намазын оқып шыққан адам артынша дереу күнә істерге кірісіп кетпейді, өйткені артынша-ақ намаздігердің уақыты таяп қалады. Құптаннан кейін тынығып, ұйықтайтын уақыт болады. Егер түні ұзақ болса, тәһәжуд намазы тағы бар. Сөйтіп жүріп таң намазы да кіріп келеді. Байқайсыз ба, міне осындай намаздар легі өз иесін жаман амалдардан  қайтарады. Өйткені намаз оқушы адамның ар-ожданы намаз иесін жаман ойларға, түрлі іс-әрекеттерге еш жібермейді, жол бермейді.

Жалпы адам дінді терең түсіне бастаған сайын көкейінде түрлі сауалдар туындай береді. Мысалыға айтар болсақ, "Намазда (әттахияттан соң)  не үшін өзге пайғамбарларға емес, тек  арнайы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарымызға және оның отбасысына ғана салауаттар (аллаһуммә сәлли, аллаһумма бәрик) жолдаймыз?" деген. Бұл мәселеге қатысты жауапты көрнекті ғалым Бәдриддин Ғәйни өзінің "Сүнәни Әби Дәудке" жазған шарх кітабында (4/260) былай дейді: "Мұның себебі мынадай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж түнінде барша пайғамбарлармен жүздесіп, олардың әрқайсысына сәлем жолдаған еді. Ал енді олардың ішінен Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және оның үмметіне тек ғана Ибраһим ғ.с. пайғамбарымыз ғана жауап сәлемін жолдаған еді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сәлемнің құрметіне лайықты бір амал болсын деп,  өзінің үмметеріне (яғни біздерге) әрбір намазымыздың соңына таман Ибраһимнің ғ.с. өзіне және оның отбасысына да қиямет күніне дейін сәлемдер мен салауаттар айтуымызға әмір етті.

Кейбір деректерде айтылғандай, кезінде Ибраһим ғ.с. пайғамбар Қағбаны салып біткеннен соң Мұхаммедтің (.с.ғ.с.) үмметтері үшін былай деп дұға етті: "Аллаһым, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметінен осы үйге (қағбатуллаға) кімде-кім қажылық жасайтын болса, оған менен сәлемдер (салауаттар) жеткізгейсің!". Бұл игі тілекке Оның (Ибраһимнің) үмметтері де әмин деп құптай келе өз игіліктерімен сәлемдер жолдады. Міне, сол себепті біздер (күллі мұсылман қауымы) де олардың осы бір көркем амалдарына жауап ретінде күнделікті әрбір намаздарымызда оларды (Ибраһим ғ.с. әулетін) тілге тиек етудеміз". (Сүнәни Әби Дәуд шархы 4/260/)

 Ораза амалы да сол секілді. Алла Тағала Құран Кәрімде: "Әй, иман келтіргендер! Сендерден алдыңғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді, мүмкін тақуалық танытарсыздар", дейді. (Бақара сүресі, 183 аят). Демек, оразаның ең үлкен мақсаты тақуалық. Бойымызға тақуалық қасиеттерді жинауымыз үшін ораза ұстаймыз. Сабырлылықты үйренуге бар жігерімізді арнаймыз. Зекеттің мақсаты болса, мал-мүлкілерімізді  тазалау. Зекет берудегі көздеген нәрсеміз дүние-мүліктерімізді әртүрлі күмәндардан, арам істерден тазалауда екен. Әрі зекет беру арқылы қолымыздағы нығметтерімізге берекелер дарытамыз.

Ал енді қажылық амалына келер болсақ, оның пайдаларын білуіміз үшін қажылыққа барып келгеніміз өте пайдалы. Олай дейтініміз, адам қажылыққа барып, бұл ғибадаттың қасиеттерін өз көзімен көрмейінше, оның толық мағыналарына көз жеткізе алмауымы бек мүмкін, яғни көз алдымызда бейнелеп, сезіне де ала алмаймыз. Намазды болсын, мейлі Құранды болсын, бастар алдындағы ең әуелгі "Әғузу билләһи минәш Шайтанир-ражим" деп айтуымыздың өзі неге тұрарлық десеңізші?!

Бұл арқылы Шайтанның жамандығынан аулақ болу үшін Алладан пана тілейміз. Шайтан демекші, Ібліс Шайтанның ғибадат кезінде пендеге жасайтын айла-қулығы екі түрмен болады: Бірінші қулығы сол екен, адамды ғибадат арқылы тәкәппарлық пен мақтаншақтыққа әуес қылады. Адамның көкірегіне “Мен кереметтей өте тақуалы жан болдым”, "Өзгелерге қарағанда, мен Алла Тағалаға көбірек ғибадат жасадым", деген сияқты сөздер арқылы пендені өзімшілдікке қарай сүйрелейді.

Екінші қулығы сол екен Адамның жүрегіне шайтан: "Сен осы бір құлшылықты орындағаннан не таптың? Намаз деп бүкіл өмірің өтті, көп уақытың осымен кетті, кейде қаза етіп аласың, қаза қылғанша оқымағаның абзал еді, дін ойыншық емес", деген сияқты азғыру сөздері арқылы үмітсіздік отын тұтатады." Егер санамызға осындай ойлардың ұшқындары пайда бола бастағанын сезіне бастасақ, мұның емін тек ғана истиғфар айту арқылы ғана тауып, дереу тәубе ете аламыз. Истиғфар сөзі ғана шайтанды әлсіз кейіпкерге айналдырады екен. Әбу Бәкір р.ғ. сахаба: "Ғибадаттағы кемшіліктеріңіз (жаман ой пайда бола бастаса) үшін Раббыңызға истиғфар айтыңыздар"-, деген.

Міне, құрметті оқырман! Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, жалпы бұл өмірге келуімізде үлкен мақсаттарымыз болғанындай, ғибадат жасауларымыздың  (намаз оқу, дұғалар ету) жасауда да өзіндік үлкен мәні бар мақсат-мүдделері мен талаптары бар.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: