Қоғамда қандай да бір адамды жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару мұсылман адам үшін ең сауапты амалдардың біріне жатады. Былайша айтқанда, сауапты істердің ең төресі десек те артық айтпаған болады екенбіз. Бұл амал тіпті әрбір мұсылманнның мойнындағы қырық парыздың қатарына да жатады.
Жаратушымыз Құранның "Әли Ғымран" сүресінің 104-ші аятында:
"Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ (үммет, қауым) болсын. Міне солар құтылушылар", дейді. Имам Бағауи бұл аяттың тәпсірінде: "Сіздер баршаңыз аталмыш (жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтаруды) істерді жасайтын қауымнан, үмметтен болыңыздар", деген.
Ханафи мәзһабының ғұламалары бұл аяттың тәпсіріне өз ойларын қоса келе, жақсылыққа бұйыру мен жамандықтан қайтаруды парыз ғайн (бекітілген парыз) яғни әрбір мұсылманның мойнындағы парызы, міндеті деп санаған.
Имам Әбу Мансұр Матуриди өзінің "Тәуилатул Құран" кітабында Әли Ғимран сүресінің 110-шы аяты мен "Мәида" сүресінің 79-шы аятын және де бұған қосымша тағы да бірнеше хадис шәріптерден дәлел келтіріп, әмру мағруф, нәһи мүнкәрді (жақсылыққа шақыру мен жамандықтан қайтаруды) әрбір мұсылманға парыз ғайн (борыш) болып саналған амал деп бекіткен екен.
Егер бір жерде күнә істер жасалынып жатқан болса, оны көрген немесе білген, естіген адамдар бұл істі тоқтатуға өз әрекетін жасамаса, үндемесе, қайтармаса, нәтижесінде әлгі жамандық кеңінен жайылып, адамдар адами қасиеттерден жырақтауы мүмкін. Сол үшін де дініміз әрбір жамандықтың жайылмауын кеңінен қарастырып, әр мұсылманға парыз етіп жүктеген. Осы бір мәселені төмендегі мына бір хадис қуаттайды, Әбу Сағид Худри (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайсыбіреуің Алла риза болмайтын бір іс-әрекет көріп қалсаңыздар, оны қолымен түзетсін. Егер бұл оған әсер етпесе, онда тіліңізбен бұл әрекеттің дұрыс еместігін түсіндірсін. Егер кімде-кім қолымен немесе тілімен ештеңе істей алмаса, онда ол іштей бұл әрекетті мақұлдамасын. Имандылардың ең әлсіз ісі – осы»,– деп айтқан. (Имам Ахмад, Муснад кітабы)
Шариғатта жаман істерді "мүнкәр істер" деп атайды. Мүнкәр істерге дін, шариғат тарапынан мақұлдамаған істер жатқызылады. Мұсылман адам қоғамда орын алып жатқан қандай да бір дұрыс емес жаман істерді көре-біле тұрған болса, шамасы келгенше тоқтатуына тырысқаны жөн. Егер қолымен тоқтата алмаған болса, оның жамандығын түсіндіруге әрекет жасағаны абзал, оған да шамасы келмеген болса жүрекпен жек көруі (жиіркенуі, өзін одан алыс ұстауы)тиіс. "Маған не қатысы бар дейсің, күнәсі өзіне болады да" деп, еш жанашырлық танытпау мұсылмандыққа еш жатпайтын іс. Өйткені дініміз әрбір оғаш қылықтардың өз ретімен дұрысталуын талап етеді. Өзіне әр жақсылықты қалаған адам өзгелерге де сол жақсылықтарды қалау иманның ең жоғарғы көріністерінен болып саналады. Мұның үкімі әрбір адам үшін уәжіб болып табылады. Осы кезде бір сұрақ туындауы да мүмкін, мүнкәр істерге нелер жатады деген. Мүнкәр істерге арақ ішу, ұрлық жасау, зина, есірткі қолдану, дауласу, ұрысу, адам құқықтарын таптау т.б.с.с.
Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару тек арнайы бір адамдардың ғана уәзипасы емес, әрбір кісінің жеке міндеттері болып саналады. Ең бастысы, шекарадан шықпай, ренжітіп алмай, жұмсақтықпен, асқан хикметпен жеткізссе жеткілікті. Сол үшін де хадисте "дін-насихаттан тұрады" деген қағида да бекерден айтылмағаны белгілі.
Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару амалы пендені жұмаққа жақындатып, тозақтан алыстатады. Бұл амалдың сауабы садақа бергеннен де артығырақ болып табылады.
Алла Тағала біздерге Құран Кәрімде Лұқман Хәкімнің өз ұлына тәрбие ретінде беріп айтқан насихатын былайша баяндап өтеді:
"Әй, ұлым, намазыңды толық өте, адамдарды әркез жақсылыққа бұйырып (шақырып), жаман істерден қайтар және өзіңе келген қандай да бір қиыншылықтарға сабыр етумен бол", дейді. ("Лұқман" сүресі 17 аят).
Көрнекті сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд р.ғ. айтады: "Алланың құзырында күнәлардың ең үлкені егер бір кісі екінші бір басқа кісіге: "Алладан қорық (жамандықтан тиыл, бұл істі жасаудан аулақ бол) және тақуалық қыл", дегенде, ол кісінің "Алдымен өзіңді біл! (жөндеп ал)" деп айтуы", деген екен. Әңгімемізді әрі мақалымызды Құрандағы Хижр сүресінің мына бір аятымен қорытытып түйіндегенді жөн санадық: "Пенделеріме айт, яғни хабар бер. Күдіксіз, Мен оларға аса тым жарылқаушы, әрі мейірімдімін!"
Мұсылман үмметінің, әрі қоғамымыздың әркез тыныш (зұлымдықсыз), жайбарақат күйде ғұмыр кешулері үшін шамамыз келгенше қағаз бетіне түсірген дін қағидаларына амал етуді Жаратушымыз баршамызға нәсіп етсін!
Қуаныш Түзелбеков
"Сұлтан" мешітінің наиб имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы