Кеше, 23-ақпан күні Мекке қаласында Халықаралық Ислам конференциясы өз жұмысын бастады. Конференция әлемдегі лаңкестік пен оған қарсы күрес шараларын пысықтау жұмыстарына арналған.Ислам әлемі лигасының бұл басқосуына 60-қа жуық мемлекеттің делегациясы қатысуда.
Конференцияның ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегі Әл-Азхар шейхы Ахмад ат-Тайибуге берілді. Бұдан соң ортаға Ислам әлемі лигасының басшысы Абдалла ат-Турки шығып, өз баяндамасын оқыды. Сондай-ақ, сөз кезегі Сауд Арабиясының мүфтиі Абдель Азиз Аль аш-Шейх пен Мекке әмірі Халид әл-Фейсал ибн Абдулазиз әл Саудқа берілді.
Әл-Азһар шейхы Ахмад ат Тайиб өзінің баяндамасында «Ислам мемлекет» идеологиясының түрмеден шыққанын жеткізді.
Ал, Сауд Арабиясының мүфтиі адасқан мұсылман жастарын экстремистік идеологиядан бас тартып, шынайы ислам дінін ұстануға шақырды. Ол өз сөзінде лаңкестік пен эктремизмнің Ислам дініне қайшы екенін, сондықтан олармен күресу қажеттігін жеткізді.